20.03.2026
18:36
1957

Ораза айт: дәстүр, тағылым және айттау әдебі

Ораза айт – бір ай бойы ораза ұстап, рухани тазаруға ұмтылған мұсылман үшін айрықша мереке. Олар айт намазынан кейін ауыз ашып, бір-бірін мерекемен құттықтайды.

Айттау – қазақтың діни әрі ұлттық болмысына сіңген ерекше дәстүрлерінің бірі. Бұл дәстүр Ораза айт және Құрбан айт мерекелері кезінде жүзеге асады. Айт күндері адамдар туған-туыс, дос-жаран, көрші-көлемнің үйін аралап, мерекемен құттықтап, ізгі тілек айтып, үлкендердің батасын алады.

Айттаудың түп-тамыры ислам дінінің таралуымен тамырлас. Мұсылман әлемінде айт күндері «Айт қабыл болсын» деп тілек айту  ежелден келе жатқан үрдіс. Бұл дәстүр қазақ даласына да кеңінен тарап, жергілікті салт-дәстүрлермен ұштасып, өзіндік ерекшелікке ие болды.

Көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ халқы үшін айттау – тек діни міндет емес, сонымен қатар әлеуметтік байланысты нығайтудың маңызды жолы болды. Ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-бірінің үйіне арнайы барып, хал-жағдай сұрасып, арадағы қарым-қатынасты бекемдеген. Айттаудың маңызы үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуде жатыр. Әрі ренішті ұмытып, кешірім беру маңызды.

Айттаудың өзі – әдеп

Қазақ халқында айттаудың өзіндік әдебі мен қағидасы бар. Алдымен, айт күні таңертең ерте тұрып, таза киініп, айт намазына барады. Одан кейін әулеттің не сол ауылдың үлкендеріне барып, сәлем беріп, батасын алады. Көшеде көрген кісіне  «Айт құтты болсын», «Айт қабыл болсын» деп айтқан дұрыс. Ал айт кезінде үй иелері келген қонақты жылы қарсы алып, дастарқан жайып, барын ұсынады. Ұлттық тағамдар әзірленіп, үй ішінде мерекелік көңіл-күй орнайды.Балаларға тәтті үлестіріп, сыйлық береді. Тек ағайын-туыстың үйіне емес, көршілерді аралап, амандық сұрасады.   Қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға көмектеседі

Айттың маңызды амалдарының бірі – пітір садақа беру. Бұл –  әрбір мұсылманның әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, қоғамдағы теңдікті нығайтатын игі іс.

Мұсылман елдерінде қалай аталып өтеді?

Мұсылман елдерінде Ораза айт ерекше сән-салтанатпен атап өтіледі. Мысалы,  Түркияда бұл мереке «Шекер байрамы» деп аталып, адамдар бір-біріне тәтті таратады. Балалар әулеттің үлкендеріне сәлем беріп, қолын сүйеді. Әдеп бойынша қарттар балаларға ақша мен түрлі тәтті береді. Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінде ауқымды думан ұйымдастырылып, әр отбасы бір дастарқанға жиналады. Индонезия мен Малайзияда адамдар туған жеріне барып, ата-анасымен сәлем береді. Әлемнің қай бөлігінде болмасын мұсылмандар осы мереке арқылы мейірімді, бауырмал болуға үндейді.