Орамал – серттік символы

19 Наурыз 2018, 10:20 9891

Жас келін үшін орамал жаңа өмірдің басталғандығының символы

Сіз орамалдың ең алғаш қай елдің әйелдері таға бастағанын білесіз бе? Әрине, бұл сұрақ барлығымызды қызықтыратыны ақиқат. Жел мен шаңнан қорғану мақсатында және түрлі аурулардан сақтану үшін ең бірінші Қытай мен Рим елдерінің әйелдері орамалды оранған екен. Кейін жер-жерде тарап, кең етек ала бастаған. Біздің қазағымыз үшін де үлкен құрмет пен қасиетке ие болып кетті. Кыз-келіншектердің көрігіне көрік, әдемілігіне сән қосатын ерекше әшекей, ұят пен абыройдың қалқаны. Халқымыз бас киімді қалай құрметтесе, орамалды да киелі деп есептеген. Салмағы жеңіл болғанына қарамастан, барлық аруды қорғап жүруге күші жетерліктей.

Жас келін үшін орамал жаңа өмірдің басталғандығының символы. Қыз ұзатылып, келін болып түскенде беті ашылғаннан кейін үлкен енелері басынан сәукелесін шешіп, ақ орамал салады. Оны жас келінге үлкен ененің салатынында да үлкен мән жатыр. Мұнда ұлтымыздың От-анасы деген ұғымы қылаң береді. Бұрынғы От-анасы, әулетке келген жаңа мүшеге «байрақты» табыстап, аманат етеді дегенді білдіреді. Сондықтан тұтынған, басқа тағылған осы орамалды бөгде адамға сыйға тартуға болмайды.

67 жыл бойы басынан жаулығын бір тастамаған Жұмагүл әжем: «Емізулі баласы бар әйел нәрестесін ешқашан орамалсыз емізуге болмайды. Ол өте жаман ырым. Баласы есейгенде анасынан безіп, қайырымсыз болады. Және тамақ істегенде де жалаңбас тұруға мүлде болмайды. Орамал деген сендерді жамандықтан қорғап тұратын мықты қорғаушы» деп айтып отырады қыздары мен келіндеріне.

Нәзік жандардың болмысын толықтырып тұратын орамал еш уақытта аяқ астында жатпау керек. Оны басып кетуден сақ болған жөн. Мысалы, қатты араздасқан адамдар орамалдың киесіне тоқтайтын болған. Алып қашып келген қыз келісім бермей, көнбей жатса жасы үлкен әжелеріміз орамалын шешіп, ортаға тастайтыны осыған дәлел.   

Орамалды түр-түсіне қарай орнымен тарту сыры тағы бар. Мәселен, жас келіндер ашық түсті, гүлді орамал салуға болады. Ақ аппақ түстісін «Ақ жаулық» деп атаған. Ол қуанышты, жақсылықты аңғартады. Ал, қара орамал қайғы-қасіретті білдірген. Қайтыс болған адам үлкен жаста болса қара түстісін, жас жігіт болса, келіншегі қызыл түстісін басына тартатын көрінеді. Және оның екі ұшын қайтара байлап алады екен. Мұндайды «Орамалды кері тарту салты» деп атаған.      

Бұрындары орамал деген сезім білдірудің тамаша символы бола білгендігі де  белгілі. Қыздар өздерінің ұнатқан жігіттеріне кестелі орамал тарту ету арқылы бір-біріне ықыластарын білдірген.

Үлкен кісілер қонаққа келген үй иесіне мата және оның қасына мідетті түрде орамал қосып алып келеді. Осыдан келе «Орамал тон болмайды, жол болады» деген орамды сөз қалыптасқан. Қарап отырсақ, бір ғана орамал ұғымында қаншама сыр, құпия жатыр. «Орамалды құрметтегендер мойнына салады, қадіріне жеткендер оны басына шығарады», - деседі халқымыз.

Бөлісу: