Оралхан Бөкейдің музей үйі мемлекет меншігіне беріледі

2 Наурыз 2023, 16:31 1765

Жиырма жыл уақыт бойы жабық тұрған Оралхан Бөкейдің Шыңғыстайдағы музей-үйі мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Музей-үй осы уақытқа дейін жазушының қарындасы Ғалия Бөкейдің меншігінде еді.

Аудан әкімі Ділдар Қалиханның айтуынша, енді үйдің іші-сыртына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал мұражайдың алдына жазушының жаңа мүсіні қойылады.

Айта кетсек, биыл жазушының туғанына 80 жыл.

Оралхан Бөкейдің қарашаңырағы бұған дейін де музей ретінде ашылған еді. Алайда көпшілікке белгісіз себептерге қатысты жабылып қалған-ды. 

«Нысанды «Катонқарағайды тұрақты дамыту қоры» сатып алды. Демек, қазір музей-үй сол қордың балансында тұр. Қор сол үшін 10 млн теңге төлеп, сатып алды. Ақпан айында үй иесі келіп, кілтті табыстады. Келісімшарт жасалып, нотариус бекітті. Енді үйді қалпына келтіру жұмыстарын бастаймыз. Ауласын, үйдің ішін, бәрін қалпына келтіру керек. Одан кейін жоспар бойынша облыстық өлкетану музейінің бір филиалы болып ашылады. Яғни, толықтай мемлекет меншігіне беріледі. Ол үшін музей қорында мыңнан астам дерек болу керек деген сияқты талаптары бар екен. Қазір соның бәрі жинастырылып жатыр. Осы жұмыстың бәрі ойдағыдай бітсе, мамыр айына қарай нысан келушілерге есігін ашатын шығар», - деді аудан әкімі.

EL.KZ
Бөлісу: