Оралға көп мөлшерде су Ресейден келеді – «Қазгидромет» өкілі

2 Сәуір, 10:47 1150

Үкімет кулуарында «Қазгидромет» орталығының бас директорының орынбасары Серік Саиров БАҚ өкілдерінің сауалына жауап беру барысында алдағы уақытта Қостанай облысының орталық, батыс бөлігінде тасқын басталу қаупі барын атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алдағы уақытта Қостанай облысының орталық, батыс бөлігінде тасқын басталады деп күтіп отырмыз. Бұдан бөлек, Батыс Қазақстан облысында тасқынның екінші кезеңі басталады. Бұл кезеңнің көзі Ресей аумағынан келетін судың көлемі болып отыр. Себебі Ирикла су қоймасынан келетін судың мөлшері көбейіп, ол жақта су деңгейін күрт түсіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Жайыққа Башқұртстаннан Сақмар өзені келіп қосылады.Ол жақтан Қазақстаннан кірген Ілек өзені барады. Соның бәрі қосылып, Оралға жақын кезеңде көп мөлшерде су келеді деп күтіліп отыр, – деді Серік Саиров.

Ол жақын кезең деген бұл осы аптаның соңына дейінгі мерзім екенін тілге тиек етті.

Жайық өзені қазірдің өзінде көтеріліп жатыр. Біздің құрылымдық бөлімшелердің дайындығы қарқынды жүріп жатыр. Қазір «Қазгидромет» өкілдері Ресей мамандарымен күнделікті байланыста, – деді Саиров.

Су қоймалары мен өзендердің толымдылығына мониторинг жалғасқан.. Қазіргі уақытта Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өзендерде су деңгейінің жоғарылауы байқалады, Шығыс Қазақстан облысының таулы жерлерінде де үлкен қар көлемі жатыр.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: