Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Жапония елінен келген «Mitsubishi heavy industries» компаниясының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өткен жылы Жапонияда “Hitachi” компаниясымен келіссөздер жүргізіліп, Орал қаласының жылу электр орталығындағы газ турбинды қондырғыны кезекті жөндеуге қосалқы бөлшектерді дайындауға және жеткізу бойынша келісім орнаған болатын.
Осы орайда өңір басшысы «Mitsubishi heavy industries» компания менеджерінің орынбасары, топ жетекшісі Тошинао Мияномен зауыт ұсынған тізбеге сәйкес қосалқы бөлшектерді дайындау барысы туралы сөйлесіп, дайындаушы зауыттан техникалық консультанттардың қызметтеріне арналған келісімшарт талаптарын талқылады.
Орал қаласының жылу электр орталығында «Hitachi» зауытының өнімі қуаты 28 МВт болатын газ турбинды қондырғылары орнатылған. Бұған дейін 2019 жылы, оның алдында 2011 жылы негізгі инспекциясы бойынша жұмыстар жүргізіліп, әртүрлі жағдайларға байланысты техникалық жөндеу мерзімдерін өткізіп алдық. Осы орайда өткен жылы Жапония еліне делдалсыз, тікелей осы газ турбинасын шығаратын зауытпен келісімшартқа отырдық. Нәтижесінде жылдың аяғына дейін Орал қаласына 128 қондырғы әкеліп, келесі жылдың басында орнату туралы келісім жасалды. Осы жұмыс өз нәтижесін беріп, жапондықтармен келісімшартта көрсетілген шартқа сәйкес бірінші қондырғы жасақтау, екінші орнату барысы туралы нақты істер талқыланды, - деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Кездесу барысында Тошинао Мияно келісім шарт аясында газ турбина қондырғылары белгіленген уақытқа сәйкес жасақталып, орнатылатынына кепіл берді.