Берекелі де мерекелі тірлікті насихаттаған Сабантой мерекесі Орал қаласында аталып өтті.
Татар халқының жиын-терім көп болсын деген ырыммен тойланатын бұл мереке татар тілінен аударғанда «Жер өңдеу мерекесі» деген ұғымды білдіреді.
Аталмыш мерекеге орай қалалық орталық саябаққа жиналған халықты құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов бұл мейрам бар халықты ұйытып, бірлігін нығайтатынын атап өтті.
Сонымен қатар Ұлы Отан Соғысы ардагері, ақсақалдар кеңесінің мүшесі Хамза Сафин және облыстағы «Татар мәдениет орталығы» қоғамдық бірлестігі төрайымы Флюра Миликеева көрерменге мерекелік жылы лебіздерін жеьткізді.
Дәстүрлі мейрамның көрігін қыздырып, көрермен ықыласына бөленген қонақтардың қатарында Башқұртстан және Татарстан Республикаларының да әртістері болды. Олар өздерінің концерттік бағдарламаларын ұсынды.
Іс-шара барысында көрермендер татар халқының ұлттық тағамы — халықтың қонақжайлығын, ұлт пен ұлыстар арасындағы бірлік пен татулықты білдіретін чак-чактан дәм татты.
Мереке барысында сайыстар мен байқаулар, балаларға арналған «Әкият» алаңында ойындар ұйымдастырылды.