Оралда жалпықалалық сенбілікте 2 мың жас көшет отырғызылды

23 Қазан 2018, 09:32 1946

Орал қаласында жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылып, жас көшеттер отырғызылды.

Бұл шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, қала басшысы Мұрат Мұқаев, мемлекеттік мекеме өкілдері, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелері, жастар, жеке кәсіпкерлік субъектілері атсалысты.

Мемлекет басшысы өңірге сапарында Орал қаласы экологиялық таза өңірлер қатарында екенін және осы дәрежеден түспеу қажеттігін атап өтті.

Елбасы тапсырмасы аясында туған өлке табиғатын түлету, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатындағы ағаш отырғызу акциясы Қазақстан халқы ассамблеясы үйі алдында кең көлемде ұйымдастырылды.

«Ең бастысы осындай маңызды іс-шараға әр азаматтың отбасы мүшелерімен келгені қуантты. Үлкендер кішкентайларын ерте келіп, өз істерімен үлгі көрсетті. Сондықтан бұл шараның тәрбиелік мәні зор. Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Яғни, ата-анасынан өнеге алып, осы игі дәстүрді жалғастыратын болады. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар. Қаламызда жайқалған теректер бізге дейінгі ағалардың аманаты. Оны жас толқынға жеткізіп, ұрпақтар сабақтастығын үзбеуіміз қажет. Бұл – біздің мәдениетіміз, қоғамның өсу деңгейі», – деп атап көрсетті Алтай Сейдірұлы.

Акцияға бес мың адам қатысып, биылғы жылдың соңына дейін он мың жас көшеттер отырғызу жоспарланып отыр. 

Бөлісу: