Оралда төтенше жағдай жарияланды

13 Наурыз 2023, 14:09 2813

Орал қаласында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды. 11 наурызда жедел штабтың отырысы өтіп, жергілікті аумақта табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы шешім қабылданған. Бұл туралы қала әкімдігінен мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қала әкімдігінің мәліметінше, ауа райының күрт жылынуы, қардың күрт еруіне және жердегі тоңның қалың болуына байланысты Ысқырық тау (Свистун гора), Сарытау шағынауданы, Саратов тасжолы бойындағы каналдар мен Құс фабрикасындағы өткелде ағын су пайда болды.

Су көп мөлшерде келгендіктен, құбырлардан өткізуге мүмкіндік болмады. Салдарынан Саратов тас жолы бойында орналасқан Мұрат Мөңкеұлы көшесі бойындағы 8 көпқабатты үйдің жертөлесін су басты. Қазіргі уақытта осы үйлердің жертөлелерінен су сору жұмыстары жүргізілуде. Суды өткізу үшін С.Айтқұлов көшесі бойындағы жол кесілді. Сондай-ақ Саратов тас жолының бойындағы «Алтындар» гипермаркеті мен «Автодоктор» ТБС-на қарама-қарсы су өткізу каналының 2 учаскесінде КАТ («Жайық Таза қала» ЖШС) техникасымен топырақ төгіліп, мотопомпалар орнатылды. Электр сымдарының тұйықталуына жол бермеу мақсатында электр жарығын беру тоқтатылды (990 абонент). Сонымен қатар жылыту жүйелері (жоғарғы қабаттар) өшірілді, - делінген ақпаратта.

Кәріз жүйелерінің еріген сулармен толып кетуіне байланысты Зачаган кентінде су беру қысымы төмендеді (70 мың абонент). Қазіргі уақытта су беру қалпына келді.

EL.KZ
Бөлісу: