Оралда ҚР Президенті Жолдауының негізгі бағыттары талқыланды

17 Қазан 2018, 05:20 1736

Орал қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Жолдауының негізгі бағыттары талқыланды

Нақтырақ айтқанда, «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау бойынша бірыңғай Күн аясында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері кеңейтілген кеңес өткізді.

Оған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, мемлекеттік органдардың басшылары, этно-мәдени бірлестіктердің жетекшілері, қоғамдық келісім, ақсақалдар мен аналар кеңестерінің, ғылыми-сараптамалық топ мүшелері, жоғары оқу орындарының ректорлары мен мектеп директорлары, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өкілдері қатысты.

БҚО ҚХА төрағасының орынбасары хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов Жолдаудың басымдықтары және оны жүзеге асырудағы Ассамблеяның рөлін сөз етті.

«Ассамблея әр бағытта жұмыс жасайды. Сондықтан Жолдауда аталған бағыттарды іске асыруда ассамблеяның құрылымдық бөлімшелері ықпал ететін болады. Мәселен, медициналық қызметтің көрсетілу сапасын жетілдіру мәселесі жуырда ардагерлер кеңесінде қаралып, зейнеткерлерге қызмет көрсету сапасын сатылай жақсарту ұсынылған.  

Енді бюджетті жоспарлау және мақсатты жұмсалуын бақылау ережесіне өзгерістер енгізіп, қоғамдық келісім кеңестерін қатыстыру туралы ұсыныс берілмек. Президент әр қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың маңызын жете түсінуі керектігін айтты. Сол себепті қоғамдық келісім кеңесі мүшелері мен Ассамблея белсенділері түсіндірме жұмыстарын жүргізуі керек», – деді Ғайса Хамедулаұлы.

Жаңа Жолдаудың жастар үшін маңызы зор. Себебі Президент 2019 жылды жастар Жылы деп жариялады. БҚО ҚХА «Жаңғыру жолы» қозғалысының төрағасы Владимир Шек осы орайда келер жылға «Жаңғыру Жолы» қозғалысын дамытудың жол картасы дайындалғанын айтып, оны жүзеге асыруға қолдау көрсетуді, әр этно-мәдени бірлестікте жастармен жұмыс жасауға жауапты жасты бекітуді сұрады.

Жиын соңында БҚО ҚХА құрылымдық бөлімшелерінің Үндеуі жарияланды.

 

Бөлісу: