Оралда көршілес екі тұрғынның үйінен есірткі өсімдіктері табылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
БҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы қызметкерлерімен бірлесе отырып 4 қазан күні “Қарасора – 2023” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Орал қаласында тұратын 61 және 56 жастағы екі көршінің шаруашылық сарайларының бірінен 38 түп, екіншісінен 35 түп арнайы иісі бар кептірілген есірткі өсімдігін, сондай-ақ өсімдік тектес зат салынған пакет пен өсімдіктің тұқымы салып оралған қағаз орамасын және Добрыня газды тапаншасы мен 1 патрон тауып, тәркіледі. Тәркіленген заттар сараптамаға жолданды.
Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабының 1-бөлігі (Құрамында есірткі заттары бар тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, 2023 жылдың 1 маусымы мен 31 қазаны аралығында республика аумағында есірткіні заңсыз өсіру, есірткі өсімдіктерін өсіру орындарын жою мақсатында “Қарасора – 2023”арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. “Қарасора – 2023” жедел алдын алу іс-шарасының 3 айында 130 есірткі құқық бұзушылығы анықталды, оның ішінде 50 дерек – есірткі қылмысы болса, ҚР ҚК-нің 296-бабына сәйкес 80 қылмыстық әрекет (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) анықталды.
Анықталған 50 есірткі қылмысының ішінде ҚР ҚК-нің 297-бабына сәйкес есірткіні өткізудің – 9 дерегі, есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтау – 10, ҚР ҚК-нің 300-бабына сәйкес құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсірудің 26 дерегі және 3 есірткі контрабандасы анықталды.