ОРАЛДА ДҮНГЕН МӘДЕНИЕТІНІҢ АПТАЛЫҒЫ ТҮРЛІ КӨРМЕЛЕР МЕН БАЙҚАУЛАРМЕН АТАП ӨТІЛДІ

9 Қараша 2018, 09:45 2039

Орал қаласында дүнген мәдениетінің апталығы қорытындыланды.

Шараға келген көрермендерді дүнген эномәдени бірлестігінің төрайымы мен этнос өкілдері қарсы алып, дүнген халқының тағамдарының, кітап, қолөнер бұйымдарының көрмелері қонақтардың назарына ұсынылды.

Апталық аясында мектептер мен арнайы оқу орындарында суреттер мен қолөнер байқауы ұйымдастырылды. Шара барысында дүнген этномәдени бірлестігінің төрайымы Танзила Каримова жеңімпаздарды мараппатап, сыйлықтар табыс етті.

«Өңірде дүнгендер сан жағынан көп емес. Соған қарамастан, ассамблея ұйымдастыратын шаралардың бәріне қатысып тұрады. Биыл ҚХА жылы аясында көптеген шаралар атқарылды, соның ішінде әр этнобірлестіктің мәдени апталықтары өткізілуде. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей, Ассамблея мен этномәдени бірлестіктердің еліміздегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудегі рөлі жыл санап артып келеді. Сондықтан алдағы уақытта да атқарылар істер аз емес», - деді БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов.

Шара соңында дүнген этномәдени бірлестігінің мүшелері «Қазақтану» бағдарламасы аясында «Беташар» қойылымын, халық әндері мен биін көрермендерге паш етті.

Мерекелік кешке этномәдни бірлестіктердің төрағалары, БҚО ҚХА құрылымдық бөлімшелері және колледж студенттері қатысты.

Бөлісу: