Оралда қазақтың салт-дәстүріне арналған мереке өтті

18 Қыркүйек 2019, 10:22 5956

Орал қаласындағы  Тұңғыш Президент алаңында қазақтың салт-дәстүрлеріне арналған мереке өтті. 

 

Қала күні қарсаңында ашылған «Ақжайық» этноауылы мәдени кешенінде қаладағы жоғары және арнаулы орта оқу орындары студенттерінің күшімен қойылымдар қойылып, жиналған жұртшылыққа қазақ халқының құда түсу, сырға салу, беташар, шілдехана, тұсаукесер сияқты салт-дәстүрлері таныстырылды.


«Өрнекті өнер» алаңқайындағы сәндік-қолданбалы өнер шеберханасы мен қолөнершілердің бұйымдары қойылған жәрмеңке маңында сауда қызып, көшпелі кітапхана оқырмандарына тағылымды шара тарту етілді.


Облыс әкімі Ғали Есқалиев облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ұйымдастырған «Жәдігер» жылжымалы мұражай-экспозициясын тамашалады. Қазақ халқының киім-кешегі мен қару-жарақтары, тұрмыстық заттары, Жәңгір хан мен Фатима ханымның Ресей императорларының қабылдауына киген киімдері, Бөкейлікте билік жүргізген хандардың мөрлері, құжаттық деректерден тұратын экспонаттар туралы облыстық мұражайдың директоры Мирболат Ерсаев кеңінен әңгімелеп берді.


Мұражай төрінен орын тепкен жәдігерлердің құндылығына басты назар аударған өңір басшысы Ғали Есқалиев «Тақсай ханшайымы өңіріміздің брендіне айналуы тиіс, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керектігін» айтты.


Сонымен қатар облыс әкімі Тасқала ауданына қарасты Амангелді ауылынан ұлттық мереке аясындағы көрмеге екі тазы итін арнайылап ала келген Ерлан Ермеғалимен тілдесіп, ұмытылып бара жатқан тазы тұқымын сақтау жолындағы жанашырлығына ризашылығын білдірді.


Ерлан Балқашұлы тазы асыраумен 2014 жылдан бастап айналысып келеді. Бүгінде иелігіндегі қазақы иттің саны алтауға жеткен.


«Соңғы кездері аламан бәйге, ұлттық мерекелер аясында тазы жарысы көптеп өткізіле бастағаны көңіл қуантады. Жігіттің жеті қазынасы қатарында аты аталған құмай тазының тұқымын сақтауымыз керек», – дейді ұлтжанды  азамат.


«Алтын сақа» алаңында ұлттық ойындар ойнатылып, қазақы асханада мерекелік дастарқан әзірленді. Сонымен қатар алаңқайда қазақы киіз үй құрудан шеберлік сағаты өткізіліп, өңір басшысы Ғали Есқалиев бастап, ел ағалары ақ шаңқан үйдің шаңырағын көтеріп, уығын қадады.

БҚО әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Жамал Ихсанованың мәлімдеуінше, «Дәстүр» ұлттық мерекесін өзге ұлт өкілдеріне қазақтың салт-дәстүрін дәріптеу, тарихын таныту мақсатында «Ағайын» қазақ этномәдени бірлестігі ұйымдастырған.



Бөлісу: