Орал қаласында автобус жеңіл көлікпен соқтығысып, екі адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақпараттың хабарлауынша, БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі оқиға 2 тамыз күні таңмен болғанын мәлімдеген.
Сағат 07.40-та облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы операторына Сырым Датұлы көшесі бойында «Ел ырысы» аялдамасына жетпей 6-бағытта жүретін автобус жеңіл көлікпен түйіскені туралы хабар түскен.
Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен 1964 және 1970 жылғы екі әйел облыстық көпбейінді аурухананың жарақат бөліміне жеткізілді. Олар травматолог дәрігердің қабылдауында болып, қажетті медициналық тексеруден өтіп, көмек көрсетілді. Екеуіне де амбулаториялық ем тағайындалып, үйлеріне жіберілді, - деп хабарлады ведомстводан.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаны растап, ақпаратты кейін беретінін жеткізді.