Орал халықтары Ассамблеясы Кеңесі мен Ақмола облыстық ҚХА ынтымақтастық туралы келісті

27 Қаңтар 2020, 17:34 2555

Ресей Федерациясы мен Қазақстанның алдағы XVII өңіраралық ынтымақтастығы аясында Ақмола облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының делегациясы Қорған облысында болды.

Сапар барысында делегация Ресей халықтары Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толуына арналған Орал халықтары Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты.

Ақмола облыстық ҚХА Хатшылық меңгерушісі Марзият Тохаева өз сөзінде ресейлік әріптестерін қоғамдық ұйымның 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, республикалық және Ақмола облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту жөніндегі қызметі туралы айтып, ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың этносаралық бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық моделін құрудағы басты рөлін атап өтті.

Кездесу Орал халықтары Ассамблеясы мен Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюмен аяқталды.


Айта кету керек, құжат этносаралық қатынастар саласында тәжірибе алмасып қана қоймай, екі өңір арасындағы мәдени байланыстарды дамытуды көздейді.

Келісім - Қазақстан мен Ресейдің Ассамблеялар, этномәдени бірлестіктері арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты дамытудағы алғашқы кезең. Келесі қадам - ұлтаралық және конфессияаралық келісім саласында қазақстан-ресей шекара маңы ынтымақтастығының тұрақты жұмыс істейтін өңіраралық алаңын құру.

Екі күндік сапар барысында Ақмола облысының делегациясымен Қорған облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының басшысы Қайрат Оралов пен Орал халықтары Ассамблеясының негізін қалаушылардың бірі Боранбай Бижігітов кездесулер өткізді.

Қорған облысының қазақ диаспорасының өкілдері қазақтардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін сақтау бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы айтып, алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті.

Ақмолалық делегация үшін Қорған облыстық көркемсурет және өлкетану мұражайларына баруды қарастырған мәдени бағдарлама ұсынылды.


Бөлісу: