Қорғаныс министрлігінде Қарулы күштердің ардагерлерімен кездесу өтті

17 Қыркүйек 2022, 21:15 1295

Шараға Мұхтар Алтынбаев, Талғат Мұсабаев, Бақытжан Ертаев, Ратмир Комратов, Марат Нағұманов және Қарулы күштердің басқа да ардагерлері қатысты

Қорғаныс ведомствосында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың басшылығымен Қарулы күштердің ардагерлерімен кездесу өтті, деп хабарлайды El.kz министрліктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қорғаныс министрі Ел Президентінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарына назар аударды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жақын арада қазақстандықтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттырудың кепілі болатыны атап өтілді.

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов Қарулы күштерді кешенді және жүйелі жетілдіруді қамтамасыз ету, бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен қабілетін арттыру, әскери инфрақұрылымды жаңарту мен ведомствоаралық үйлестіруді күшейту мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.

Кездесу барысында әскерге шақырылуға дейінгі жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру, әскери оқу орындарына үміткерлерді қабылдау мәселелері қозғалды.

Қорғаныс министрі ардагерлерге жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу ісіне қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, бұл ынтымақтастықтың сапалы, жаңа деңгейге шығатынына сенім білдірді.

Шараға Мұхтар Алтынбаев, Талғат Мұсабаев, Бақытжан Ертаев, Ратмир Комратов, Марат Нағұманов және Қарулы күштердің басқа да ардагерлері қатысты.

Ардагерлер қазіргі заманғы талаптарды ескере отырып, әскерлердің жауынгерлік даярлығына жаңа тәсілдерді енгізу тұрғысынан армияда болып жатқан өзгерістерді атап өтіп, әскерге шақыру тәртібін жақсарту және жеке құрамды патриоттық рухта тәрбиелеу жөнінде ұсыныстарын айтты. Қарулы күштердің ардагерлерін ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысына белсенді қатыстыру туралы бастама да көтерілді.

Айта кету керек, ардагерлер ұйымдарында қоғамдық және әскери қызметте тәжірибесі мол, әскерге әрдайым көмек қолын созып, ақыл-кеңестерін бөлісуге дайын мыңдаған белсенді азаматтар көп.

Бөлісу: