Қорғаныс министрлігі әскери есепке алу құжаттарының санын қысқартуды жоспарлап отыр

8 Қыркүйек 2022, 16:36 2098

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында жарияланды

Қорғаныс министрлігі әскери есепке алу құжаттарының санын қысқартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында жарияланды.

Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту мақсатында қорғаныс ведомствосы шақыру учаскелеріне тіркеу туралы куәліктерден бас тартуды, сондай-ақ әскери қызмет өткермеген азаматтарға әскери билеттер беруді алып тастауды ұсынып отыр.

2023 жылдан бастап Қорғаныс министрлігі әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды есепке алуды электрондық форматқа көшіруді жоспарлауда. Бұл ішкі көші-қон кезінде азаматтарды әскери есепке қою және одан шығарудың қажеттілігін алып тастауға мүмкіндік береді.

Бұдан өзге, елде цифрландыру процестерінің дамуына орай азаматтардың әскери қызметке қатынасы, оны өткеру және әскери есепке алынуы туралы мәліметтер «e-gov» порталындағы жеке кабинетте көрсетілетін болады. Қажет болған жағдайда оны мемлекеттік органдар пайдалануы немесе сұратуы мүмкін.

– Осыған сүйене отырып, әскери билет пен тіркеу куәліктерін пайдаланудың орындылығы бірқатар жағдайларда өзекті бола бермейді. Сонымен қатар әскерге шақыру және әскери қызметке кіру кезінде әскери билеттер бұрын белгіленген тәртіппен берілетін болады, – деді Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы – Қарулы күштер Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Сәкен Жүсіпов.

Мамандардың пікірінше, ұсынылған жаңалықтар қаржыны үнемдеуге ықпал етеді. Бланкілерді сақтау, шығару және беру жергілікті әскери басқару органдары қызметкерлерінің шығындарын да едәуір азайтпақ. Одан өзге әкімшілік құқық бұзушылықтар құрамынан жоғалту немесе бүлдіру фактілерін алып тастауға мүмкіндік береді. Бұл қолданыстағы заңды ізгілендіру жолындағы кезекті қадам болмақ.

Бөлісу: