Оқушының сабақ үстінде ұялы телефон ұстауын шектеу керек - Нартай Аралбайұлы

20 Сәуір 2023, 12:27 2003

Мәжілісмен Нартай Аралбайұлы Мәжілістің жалпы отырысында балалар қауіпсіздігі мәселесін көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат соңғы кездері оқушылар арасында әлімжеттік көбейгенін, олардың соңы адм өлімімен аяқталып жатқанын алға тартты. Бұл мәселеге кеше Қасым-Жомарт Тоқаев та жіті мән беріп, қауіпсіз қғам құруға ұмтылуымыз керектігін тапсырған.

Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ, - деді Мемлекет басшысы.

Бұл тақырыпқа тұздық болуы үшін депутат бірнеше мысал да келтірді. Соның бірі – Түркістан облысы Төрткүл ауылында  болған жағдай. Ауылдағы су каналынан 15 жасар қыздың денесі табылды. 9 сынып оқушысын өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың бірі – 11 сынып оқушысы, екіншісі – сол ауылдың 19 жастағы тұрғыны.

Алматы облысының Саты ауылында да қайғылы жағдай болды. 11 сынып оқушысынан ауыр соққы алған 10 сынып оқушысы көз жұмды. Жасөспірімнің жерлеу рәсімі өткен соң оның оның досы, сыныптасы өз өзіне қол салып қайтыс болды.

Мұның бәрін тілге тиек еткен мәжілісмен Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауалында айыптылардың жазадан құтылып кетпеуін қадағалауын сұрады.

Әлімжеттік фактілерін біле тұра жасырып қалған қызметтегі азаматтар да жазаға тартылуы керек. Оған қоса балаларды қорлап жатқан кезде араша түсудің орнына сол әрекеттерді бейнетаспаға түсіріп жариялаған адамдарды да жазалау қажет. Айыпты оқушылардың ата-аналары да тиісті жазасын алуы керек, - деді Нартай Аралбайұлы.

Мәжіліс депутаты мектептерде оқу мен тәрбиенің біртұтастығын қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыруды ұсынды. Зерттеулер Қазақстандағы әрбір үшінші оқушыға әлімжеттік жасалатынын көрсетіп отыр. Бұл суицид санының да артуына себеп. Ал білікті психологтар санын арттыру буллингтің алдын алуға көмектесетіні анық. Бұл ұсынысын ол премьер-министр Әлихан Смайыловқа жеткізді.

Мұғалімдердің сабақта және сабақтан тыс уақытта балалардың тәрбиесімен жүйелі айналысуы үшін кейбір мамандандырылған мектептердегідей арнайы куратор штаттық бірлігін барлық мектептерге енгізіп, олардың лайықты айлық жалақысын және статусын айқындауыңызды сұраймыз. Мектептегі буллингтің алдын алу үшін психологтардың санын арттырып, тиісті жағдай жасау қажет, - деді ол.

Бұдан қалды буллингке ұшыраған балаларға да қолдау көрсетілуі керек. Мәжілісмен ондай оқушылардың психологиялық тұрғыда оңалту жұмыстарын қолға алып, денсаулықтарын қалпына келтіруге көмектесу қажеттігін айтты. Одан қалды әлеуметтік осал топтағы отбасылармен жұмыс істейтін әлеуметтік педагогтер санын да арттыру қажет.

Бастауыш сыныптарға, орта буынға және жоғары сыныптарға жекелеген әлеуметтік педагогтердің болуын қарастыру керек. Сонымен қатар, жұмыс ерекшелігін ескере отырып әлеуметтік педагогтердің айлық жалақысын қайта қарастырған дұрыс. Мектепте арнайы инспектор болғанда ғана іштегі тәртіптің жақсаратынын тәжірибе көрсетті. Сондықтан мектеп инспекторларын қайтару керек, - деді ол.

Бұл мәселенің шешімін табуға балаларды әлімжеттікке төзбеуге, егер қысым жасалса, арнайы маманға жүгінуге үйрету де көмектесуі мүмкін. Себебі біздің қоғамда «Арыздануға болмайды, таяқ жегеніңді айту ұят» деген сынды түсінік қалыптасып қалған. 

Нартай Аралбайұлы оқушының сабақ үстінде ұялы телефон ұстауын шектеу керектігін тілге тие етті.

Ата-аналар да үйде баланың гаджеттерді шектен тыс қолдануына жол бермеуі қажет, - деді ол.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: