Оқушыларға арналған «Қауіпсіз интернет» республикалық байқауы басталды

7 Қараша, 23:13 324

Оқу-ағарту министрлігінің «Өркен» ҰҒПБМ мектеп оқушыларына арналған «Қауіпсіз интернет» республикалық байқауын бастайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство мәліметінше, байқаудың мақсаты — балалар мен жасөспірімдердің интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру, онлайн-қатерлерден қорғау және сауаттылықты арттыру.

Байқау оқушыларға интернетті қауіпсіз пайдаланудың негізгі ережелерін көрсететін бейнероликтер жасау арқылы өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл бейнематериалдарда жеке деректерді қорғау бойынша кеңестер, кибербуллингтің алдын алу әдістері, сондай-ақ онлайн-контентке аналитикалық және сыни көзқарастың болуы маңызды, - деді «Өркен» ҰҒПИБД президенті Есенғазы Иманғалиев.

Байқауға өтінімдер мен бейнероликтерді қабылдау биылғы жылдың 25 қарашасына дейін жалғасады. Байқау аяқталғаннан кейін қатысушылардың жұмыстарын сараптама комиссиясы бағалайды. Байқау жеңімпаздары желтоқсан айында жарияланады және интернетке қауіпсіз орта қалыптастыруға қосқан үлестерін растайтын дипломдармен марапатталады.

«Өркен» ҰҒПБМ сайтынан (https://orken-instituty.kz/ru/pedagogam/konkursy) байқаудың толық ережелерімен танысып, өтінім беру үшін қосымша ақпарат алуға болады.

Перизат Саденова
Бөлісу: