Оқушылар жекеменшік орталықтарда робототехниканы тегін оқи алады

15 Желтоқсан 2022, 11:22 1382

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов робототехника мен бағдарламалауды дамыту бойынша кеңестің отырысын өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Кездесуге жекеменшік білім беру орталықтарының, федерациялар мен робототехника қауымдастығының басшылары және жаттықтырушылары, мектеп мұғалімдері қатысты. Оқушылар арасында STEM-ді дамыту бойынша одан әрі қарайғы бірлескен жұмыстар талқыланды.

"Оқушыларымыздың робототехникадан үздік нәтиже көрсетіп жүргенін айта кеткім келеді. Жуырда ғана оқушыларымыз Женевада өткен робототехникадан FIRST GLOBAL CHALLENGE әлем жарысында жеңіске жетті. Сондай-ақ балаларымыз алғаш рет Дортмунд қаласында өткен робототехникадан халықаралық олимпиадада екінші орын алды. Бұл - үлкен жетістік.

Оқушыларымыздың жеңістері дұрыс бағытта келе жатқанымыздың айқын көрсеткіші. Соңғы 3-4 жылда 39 мамандандырылған IT-лицей аштық, онда 50 мыңнан астам оқушы оқиды. Сонымен бірге мектептерде робототехника кабинеттерінің саны 3 мыңға жетті.

Мектептерді жабдықтаудың минималды стандарттарын дайындап, осы талаптарға робототехника кабинеттерін қостық. Енді мұндай құрал-жабдықтардың болуы барлық орта білім беру ұйымы үшін міндетті талапқа айналды.

Бұл жағдайда мынадай мәселелерді есте ұстау қажет. Мысалы, робототехника құралдары толық пайдаланылмайтын ұйымдар бар. Сондай-ақ жиынтықтарды жаңарту, қосымша бөлшектерді, шығын материалдарын сатып алуды қажет ететін ұйымдар бар, бірақ білім берудің барлық бөлімі мен басқармасы бұл жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырмаған.

Кейбір мектеп басшылары бір рет сатып алынған керек-жарақ алдағы 3-5 жылға жетеді деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Шығын материалдарын жаңартып отыру қажет. Сондай-ақ темірді және қарапайым жинақтарды сатып алу жұмыстың аз ғана бөлігі екенін түсіну керек, одан да маңыздысы - оқу-әдістемелік кешендермен және біліктілікті арттыру курстарымен қамтамасыз ету", - деп жазды министр.

Оның айтуынша, балалар роботтарды құрастырумен ғана шектеліп қалмай, әрі қарай дамып, өздері бағдарлама жазып, 3D басып шығаруды, графикалық бағдарламаларды, Ардуиноны және т.б. үйренуі маңызды.

"Робототехника және ІТ бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселесі де өзекті. Келесі жылы мұндай арнайы курстармен әр мектептен кем дегенде бір мұғалімді қамтуымыз керек. Бағдарламалар тез жаңартылып, қағаз IT оқулықтар тез ескіретіндіктен, оларды (IT оқулықтарды) электронды форматқа көшіру туралы ұсыныстар жасалды. Бұған мысал ретінде бастауыш сыныптарда scratch-ті оқуды айтуға болады. Онда бағдарламаның өзін жаңартуға байланысты оқулықтағы командалар, алгоритмдер және бағдарламаның өзі туралы ақпарат сәйкес келмейді. Ал цифрлы оқулықтарды уақытылы түзетіп, жаңартып отыруға болады.

Тағы бір қуанышты жаңалық. Келесі жылдан бастап робототехника бойынша балаларға арналған үйірмелер мен секцияларға жергілікті бюджеттерден мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру басталады. Яғни балалар енді жергілікті бюджет есебінен жекеменшік орталықтарда робототехниканы тегін оқи алады. Бұл оқушыларымыздың ІТ-құзыреттіліктерін дамытуға жаңа серпін беретіні сөзсіз.

Сонымен бірге колледж студенттері арасында робототехниканы, әсіресе өндірістік робототехника мен мехатрониканы дамытуды жалғастыра береміз. Бұл бағыт одан әрі WorldSkills байқауларында және басқа бағдарламалар аясында жүзеге асырылады.

Отырыста кеңес мүшелерімен бірлесіп робототехниканы дамыту жөніндегі Жол картасын әзірлеу туралы шешім қабылданды. Министрлік жаңа ұсыныстар мен бастамаларға әрқашан ашық", - деп жазды Асхат Аймағамбетов.

EL.KZ
Бөлісу: