ДСМ өкілі қандай эпидемиологиялық жағдайда оқушылардың қашықтан оқуға жіберілетінін айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Биыл 22 тамызда қол қойылған санитариялық-профилактикалық және санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізу туралы қаулыға сәйкес, егер оқушылардың ЖРВИ-мен сырқаттану деңгейі сыныпта 30%-дан асатын болса, онда оқыту онлайн-форматқа ауыстырылады.
Бір сыныптағы оқушылардың 20-30%-ы инкубациялық кезең ішінде ЖРВИ-мен ауырған жағдайда, жалпы білім беретін ұйымдарда кабинет жүйесі тоқтатылады және он күнтізбелік күн бойы сыныптарға жаңа балаларды қабылдауға тыйым салынады. Ал ЖРВИ жағдайлары 30%-ға және одан жоғары деңгейде тіркелсе, оқушыларды онлайн оқытуға көшіру жүзеге асырылады, - деді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Сархат Бейсенова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.