Оқушы қауіпсіздігі бірінші орында - Ғани Бейсембаев

26 Сәуір 2023, 12:14 1597

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» тақырыбында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында балалар тәрбиесіндегі проблемаларды көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бала тәрбиесі - күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе. Бала өміріне аса қатты ыждағаттылықпен қарау - қоғамның басты міндеттерінің бірі. Бала тәрбиесі бәрінен де маңызды. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп” деп айтып кеткен. Бала бойындағы мейірімділік, бауырмалдық, ізгілік ел ынтымағын арттыратын қасиеттер, - деді министр.

Ол Білге қағанның “Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ” деген даналық сөзінің маңызы зор екенін айтты.

Келісім құндылықтары адамның ар-ождан, отансүйгіштік, бауырмалдық қасиеттеріне де тұғыр болады, -деді ол.

Министр аналар мектебі, әжелер мектебі қолға алынып жатқанын айтты. Сондай-ақ сапалы білім мен саналы тәрбиемен қатар оқушы қауіпсіздігі бірінші орынға қойылып отырғанын тілге тиек етті.

Бала тәрбиесінде ата-анамен бірге бүкіл қауымдастықтың бірлесіп жұмыс істеуі маңызды. Бүл ретте Ассамблеяның тәжірбиесі аса құнды деп ойлаймын, - деді министр.

Сонымен бірге “Әділетті Қазақстан” ұғымы сияқты “әділетті балабақша”, “әділетті мектеп” қалыптастырып жатқанын айтқан министр атқарылып жатқан министрлік жұмыстарын атап өтті.

3 миллион жастың басын біріктіріп отырған “Жас Ұлан” ұйымы жұмыс істейді. Осыншама оқушының басын біріктірген ұйым ай сайын челлендж ұйымдастыра бастады, - деді Ғани Бейсембаев.

Министрдің сөзіне сүйенсек, наурыз айында домбыра челленджі, сәуір айында ғылым челленджі ұйымдастырылған. Ал мамырда көшет отырғызу челленджі басталады.

Бұл жұмыстар бүкіл Қазақстандық оқушылардың басын біріктіру үшін жасалып отыр, - деді ол.

Министр сондай-ақ жастар арасында ұлттық құндылықтар мен ізгілік қасиеттерді насихаттау қызу жүріп жатқанын айтты. Сондай-ақ спортқа ерекше көңіл бөлініп жатқанын айтты. Министрдің сөзінше, 2,3 миллион оқушы спорттық шараларға белсенді қатысқан.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: