Мамандандырылған лицей оқушысы Даниал Бошан батыл әрі көпті шабыттандыратын бастама көтеріп отыр. Ол Қазақстанда және тұтас Орталық Азияда алғашқы мектеп обсерваториясын салуды мақсат етуде. Бұл обсерватория еліміздің барлық тұрғындарына жұлдызды аспанды тікелей эфирде тамашалауға мүмкіндік бермек. Жоба «Түнгі аспан – Қазақстан» деп аталады және автоматтандырылған күмбезі, қуатты телескопы, цифрлық астрокамерасы және мектептің өз YouTube-арнасы бар заманауи обсерватория құруды көздейді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Барлығы турнирден басталды
Бұл идея Даниал мен оның командасының республикалық астротурнирге қатысқаннан кейін пайда болған.
Физика пәнінің мұғалімі Алтынгүл Исмағұлқызы республикалық астрономия турниріне қатысып көруді ұсынғанда, идея алғаш рет ойыма келді. Біз мектептегі мықты оқушылардан команда жинап, бірге қатыстық. Нәтижесінде екінші орынды иелендік, — дейді Даниал Бошан.
(Фото: Даниал Бошанның жеке мұрағаты)
Турнирге қатысу барысында оқушылар бірқатар қиындықтарға тап болған, соның ішінде қажетті жабдықтың болмауы да кедергі келтірген.
Турнир ережесі бойынша математикалық есептеулер жасап, өзіміздің бақылауларымыздың фотосуреттерін ұсыну қажет болды. Есептеулерді орындадық, бірақ суреттерді интернеттен алуға тура келді. Өйткені бізде телескоп та, қуатты астрокамера да болмады — толыққанды обсерватория қажет еді, — деп түсіндірді Даниал.
Ұлттың арманына айналуы мүмкін жоба
Турнир аяқталған соң бұл идея шынайы армандарға ұласқан. Даниал бұл арманын алғашқылардың бірі болып ұстаздары мен мектеп директорына айтқан екен.
Бұл 12 сәуір күні болды, бұл күн өте жақсы есімде. Сол сәтте еш ойланбастан өз жоспарымды ұстаздарыма, соның ішінде мектеп директоры Болат Ханатұлына айтып бердім. Физика пәнінің мұғалімі Алтынгүл Исмағұлқызы мені қолдады, ал директор қай бағытта алға жылжу керектігін нақтылап берді, — дейді ол.
(Фото: Даниал Бошанның жеке мұрағаты)
Даниалдың айтуынша, жұлдызды аспанға қызығушылық танытатындар жылдан жылға көбейіп келеді. Ол бұл сұлулықты тек кәсіби астрономдар ғана емес, бүкіл халық көре алса екен деп армандайды.
Қазір көп адам — ересектер де, балалар да аспанға, жұлдыздарға қызығады. Олар бұл сұлулықты өз көздерімен көргісі келеді. Сол кезде мен "Неге оны тек біз көруіміз керек? Обсерватория ашып, бұл көріністі бүкіл елге трансляция арқылы неге көрсетпеске?" деген ойға келдім, — дейді ол.
Мектептің қолдауы
Лицей директоры Болат Мұмбаев оқушының бастамасын о бастан-ақ қолдаған.
Даниал маған Қазақстанда алғашқы мектеп обсерваториясын ашу туралы идеясымен келді. Ол кезде елімізде бірде-бір мектеп обсерваториясы болмаған еді. Біз бәрін мұқият зерттеп, талқылап, осы жобамен жұмыс істей бастадық. Бұл өз алдына кішігірім зерттеу болды. Қажетті шығындарды есептеп, жобаны техникалық тұрғыда қалай іске асыру керектігін ойластырдық, оқушымыздың арманын қолдайтын демеуші іздей бастадық,-деді білім ұясының басшысы.
Оның айтуынша, мұндай жобаның жүзеге асуы бүкіл елдегі оқушыларды шабыттандыруы мүмкін.
Егер біз бұл идеяны бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен таныстырып, Даниалдың арманын жүзеге асырсақ, мектеп обсерваториясы тек Қазақстанда емес, бүкіл Орталық Азияда алғаш болар еді. Бұл өз кезегінде басқа балаларға да үлкен мақсаттар қоюға, ғылыммен байланыс орнатуға, инвестиция тартуға және өз жобаларын дамытуға түрткі болады,-деді директор.
Білім ордасыың басшысы сондай-ақ бұл бастама еліміздегі орта білім беру саласының дамуына да өзіндік үлесін қосатынын атап өтті.
Меніңше, бұл білім беру саласына жаңа серпін береді. Мұндай жобалар ұстаздардың қолдауы арқылы жүзеге асады, сол үшін де барша мұғалімдерімізге алғысымды білдіремін,-деп сөзін түйді ол.
«Түнгі аспан – Қазақстан» жобасы қазіргі таңда демеушілерді тарту мен техникалық жүзеге асыру кезеңінде. Десе де, жобаның авторы мен мектеп ұжымы бұл арман міндетті түрде орындалады деп сенеді. Жоба Қазақстандағы мектеп ғылымының жаңа белесін бастайтын бастама болмақ.