Оқу аптасын 1 маусымға ұзартудан министрлік не ұтты?

30 Мамыр 2023, 14:45 9398

Былтыр сол кездегі Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов оқушылардың оқу аптасын көбейткен еді. Бұған қатысты қоғамда екіұшты пікір бар. Әсіресе, әлеуметтік желіде сын көп, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Facebook-та «Мектепте оқушы жоқ, кітапты жинап алды» деген ақпарат тарап  та үлгерді. Ал министрлік мектепте оқу аптасы аяқталмай жатып кітаптарды тапсыртып, оқушыларды жазғы каникулға ерте шығарып жібергендер жазаланатынын, айыппұл салынатын айтты.

Өзім Алматы облысындағы мектепте мұғалім, директордың орынбасары, директор болып жұмыс істедім. Бұл мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Мұғалім жақсы оқытса, оқушылар оның артынан ереді. Демалысқа шыққысы келмейтін балалар бар. Сонымен қатар білім беру стандарттары, заңнамалық нормалаӘр мектеп стандартқа сай болуы керек. Бұған қаржылай заңбұзушылықтар кіреді, өйткені мұғалімдер жалақысын сағатына қарай алады. Стандарттар орындалмаса, түсіндіру шаралары қолға алынады, – деді министр.

Оның сөзінше, тексеру басталып та кеткен. Мектептерде сабақ кестеге сәйкес өткізіліп жатыр. Мәселен, вице-министр Шолпан Каринова мектептерді тексеріп шыққан. Ол бұл туралы өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

Мен тексерген Ақтаудағы  18-ші мектепте 4-сынып оқушылары математикадан  тоқсандық жиынтық бағалау жазып жатыр екен. Балалар өздері осыны айтып отыр, көңіл күйлері жақсы. 11-сынып оқушылары математика сабағында болып шықты. Оқушылар ҰБТ-ға баратындарын, дайындықтарын айтты. Балалардың бәрі сабақта отыр. Балалардан, мұғалімдерден рұқсат сұрап, фотосуреттерін жариялап отырмын. Оқулықтар партада, балалардың алдында, кітапханаға тапсырылмаған. Мұғалімдердің сабақ жоспарын да қарап шықтым. Жылдың басында бекітілген календарлық-тақырыптық жоспарларын да көрдім, – деп жазды вице-министр.

Бұған қатысты да ата-аналардың айтар уәжі бар. Олардың сөзінше, оқулық 34 аптаға шақталып жасалған. Министрлік шешімдерін алдын-ала сараптап, ойластырып істемеді деп айыптайды. Олардың сөзінше, оқу аптасы 2 аптаға созғаннан білім деңгейі жоғарылап кетпейді. Мәселен, шымкенттік ата-ана Арман Орынбеков осындай пікірде.

Әрине, білім беру саласында бірқатар тиімді, оңтайлы шаралар жүзеге асырылуда. Бірақ оқу мерзімін 1 аптаға ұзартқаннан білім сапасы арта қоятыны шындыққа жанаспайды. Оқу мерзіміне өзгеріс енгізгенше, білім сапасын арттыру жағына, яғни, кабинеттердің заманауи үлгіде жабдықталуына, оқулықтардың сапасын арттыруға, мұғалімдерді қағазбастылықтан арылтып, барлық құжаттарды цифрландыруға көшіруге, ата-ана жауапкершілігін күшейтуге, санға емес, сапаға жұмыс істеуге басты назар аударуды жөн деп санаймын! Бұл – менің пікірім!, - деді Арман Орынбеков.

Министрлік мұндай шешімге қалай келді? Бәрі қалай басталды?

Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, ведомство мамандардың ұсыныстары мен ғылыми зерттеулерінің нәтижелеріне зерттеу жүргізді. Осыған дейін мамандар оқу жылын маусым айының соңына дейін ұзарту және жаңа оқу жылын 20 тамыздан бастау мәселесін қарауды сұрап, министрлікке бірнеше рет жүгінген. Сарапшылар Қазақстан әлемдегі ең ұзақ каникул – 130 күн болатын елдердің қатарына кіретінін алға тартты. Ал көптеген  елдерде каникул мерзімі 80-нен 100 күнге дейін созылады. Сонымен қатар 5 күндік оқу аптасына көшкен кезде оқу күндерінің саны бірден 34 күнге азайды. Осылайша, орта есеппен алғанда, біздің еліміздегі оқу күндерінің жалпы саны шамамен 150 күн болса, дамыған елдерде бұл шамамен 200 күн.

Сондай-ақ мамандар қосымша оқу апталарының қосылуы күнделікті сабақтың санын, яғни мұғалімнің де, оқушының да күнделікті оқу жүктемесін азайтатынын атап өтті.

Алты күндік көптеген мектеп жаңа талапқа сай бес күндік оқу аптасына ауыса алады. Бұл педагогтер жұмысының тиімділігін арттырып, оқушылардың материалды меңгеруіне ықпал етеді. Бұл шешімдер күрделі тақырыптарды оқудың қарқынын төмендетеді, оқылған материалды қайталауға және бекітуге уақыт береді. Бұл ретте өзгерістер жазғы демалысқа әсер етпейтінін түсіну маңызды. Яғни балалар 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында демалады, - дейді министрлік.

Министрлік берген ақпаратқа сәйкес, оқу жылын ұзартуды қолдаушылар төртінші тоқсанды 20-25 маусымға дейін созуды және оқуды 20 тамыздан бастауды ұсынған. Мамандар бірнеше жылдан бері дабыл қағып, оқушыларымыздың жазғы уақыттарын компьютер мен смартфондарда ойын ойнаумен өткізіп жатқанда, олардың қатарластары білім алып, оқып жатқанын айтып келеді. Ведомство олар бұған дейін де өз дәлелдерін келтіргенін айтады. Бірақ министрлік білім сапасын да төмендетпейтін, оқушылардың жазғы каникулда сапалы демалуын қамтамасыз ететін жолын іздедік дейді.

Біз ғалымдар, психологтар, ата-аналар мен педагогтерден құралған жұмыс тобын құрдық. Халықаралық тәжірибе де зерделенді. Жұмыс тобы мамандардың ұсыныстарын қолдамай, баламалы ұсыныс енгізді: оқу жылының басталу мерзімін өзгертпей, оны бұрынғыдай 1 қыркүйекте қалдыру, ал оқу жылының аяқталу мерзімін 31 мамырға белгілеу. Осылайша, каникулға шығудың айырмашылығы небәрі 5 күн болады. Ал жаз басталғанда, яғни 1 маусымнан бастап балалар демалысқа шыға алады, -делінген министрлік жауабында.

Ведомство жаз бойы, яғни 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында балалар каникулда болады. Бұл орайда біз сапаны тек оқу күндері арқылы ғана емес, жалпы оқу жүктемесін азайту, оқу бағдарламаларын жетілдіру, мамандардың біліктілігін арттыру арқылы жақсартамыз деп отыр.

Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап мектептерде апталық оқу жүктемесін азайту жоспарланып отыр. Одан бөлек, оқу жылының ұзақтығын созу оқушыларға қосымша білімге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді, өйткені сабақ аз болады, мектептердің кабинет қорына түсетін жүктеме де азаяды, - деді Мектепке дейінгі және орта білім комитеті.

Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, Германия, Англия және Жапонияда жазғы демалыс 7 апта, Польша, Қытай және Оңтүстік Кореяда 7-9 апта, Финляндия, Венгрия, Швецияда 9-11 апта, Латвия, Италия және Португалияда 11 апта, Қазақстанда – 14 аптаға созылады.

Астана қаласы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 ұлттық гимназияның директоры Аятжан Ахметжанұлының пікірінше, оқу жылын ұзарту – дұрыс қадам. Ол сондай-ақ тоқсандық оқудан семестрлік оқуға көшуіміз керек екенін айтады.

Менің ұсынысым 6 күндіктен 5 күндікке қысқарғанда жоғалған күнді толықтау үшін мектептерді тоқсандық оқудан семестрлік оқуға көшіру қажет. Себебі бір тоқсанның соңы мен бір тоқсандықтың басы кәдімгідей сабақтың берекесін кетіріп жіберетін жағдай көп болады. Балаларын демалысқа ерте алып кететін ата-аналар көп. Жалпы өзім мектепті қатаң тәртіпте күні бойы оқитын елде оқығасын ба, біздің балалардың оқу уақыты тым қысқа деп үнемі айтам, - деді Аятжан Ахметжан.

Оның есебінше, оқушылар 365 күннің небәрі 150 күнінде ғана оқиды.

Жылға шаққанда үш күннің екі күні демалыс бір күні оқу. Бұл тым аз деп отыр.

Тағы бір жағдай, қосымша білім саласында қызмет еткесін байқаймыз. Ата-аналар маусым және тамыз айында балаларын ақылы қосымшаға жаздырып жүреді. 3 ай демалыста қарайып кетеді деп. Бірақ бұл да ата-ана үшін шығын ғой. Министрлік өткен жылдан бері шыдамай жазғы мектеп дегенді шығарған. Бірақ ерікті дегесін, бағдарлама болмағасын берекесі кетті, - дейді мектеп директоры.

Ол оқу жылын біраз ұзарту туралы шешім қабылданбай тұрып та бұл шешімді іштей қолдаушылар қатарынан болғанын айтады.

Себебі мен ата-анамын, ұстазбын. Мен білім сапасының артуына шынайы жанашыр адаммын, - дейді Аятжан Ахметжан.

Ол министрліктің бұл шешімін «өгізді де өлтірмеген, арбаны да сындырмаған» шешім деп қабылдағанын айтады.

Шіркін, мектептердің бәрі бір ауысым болса ғой»  деген арманын тілге тиек етті. Осы арқылы біраз мәселе өздігінен шешілер еді деген пікірде.

Сондай-ақ ол мектепте оқушы жоқ, кітап жинап алды деген ақпарға қатысты пікір білдірді.    

Мектепте оқушы жоқ, кітап жинап алды. Алды шетел асып кетті дегенді қабылдай алмаймын. Мысалы біздің мектепте 1600 шамасында оқушы бар. Тоқсандық жиынтық бақылаудың соңғы күні 29 мамырға белгілен. Оған дейін күнде оқушының 99,9 %-ы сабақта отырды. Тәртіп болмаған жерде білім де, басқа да болмайды, - деді директор.

Қызылордалық ұстаз Ұлмекен Жарменованың айтуынша, жаздың аптап ыстығында балаға білім қонбайды.

Қызылорда облысында мамыр айында-ақ күн қатты ысиды. Өзіміз сол ыстық күндері балалардың сабаққа ынтасы нашарлайтынын көріп-біліп жүрміз. Сондықтан оқу жылын ұзарта беру ыстық аймақтарда нәтиже бере қоймайды деп есептеймін. Жазғы мектепті де ұйымдастырдық. Сол кезде 3 күн қатты ысып еді ата-аналар балаларын жібермей қойды мектепке, - деді ол.

Өскемендік Кенжота Түгелбаева оқу жылын ұзарту – дұрыс қадам, әлі де ұзарту керек деп санайды.

Толығымен қосыламын. Білім саласының ардагері ретінде оқушылардың бос уақытының тым ұзақтығына ежелден қарсымын. Егер каникул кезінде айналысар шаруа болса, жарайды. Дәл қазір еңбек нарығында жасөспірімдер түгілі ересектер қамтамасыз етілмей жатқанда үш ай еш әрекетсіз жату деген ертеңгі күні ұйқышыл, жалқау, марғау ұрпақ дайындау деген сөз. Ауылдағы ағайын,есік алдында шаруа істеп жүрген бала бар ма? Ең болмағанда мектеп маңындағы спорт алаңында жүгіріп, секіріп, доп ойнап жүрген баланы көрсетіңізші каникул кезінде. Қаланың да, даланың да баласы қимыл- қозғалыссыз қалды. Одан да тереңірек білім алып, пайдалы іспен шұғылдансын, - дейді Кенжота Түгелбаева.

Шымкенттік Алтынай Омар бар мәселе – оқулық пен шебер мұғалімде дейді. Ол оқу аптасын ұзарту мәселенің шешім емес дейді.

31 мамырға дейін созылғаннан балалар сапалы білім алады деген шындыққа жанаспайды. Мереке күндерге кеткен күндерді алып тастап, оқушы бағдарламаны игермейді деуге болмайды. Алайда қалыс қалған күндерді балаға меңгерту мұғалімнің біліміне, шеберлігіне байланысты деп ойлаймын. Сондықтан ең бірінші мұғалім кәсіби білікті маман болу керек. Ең бірінші, жоғары оқу орындарында мұғалімдерді мектеп өміріне бейімдеп сапалы дайындау керек. Кейде жаңалықтың бәрін қарапайым мектеп өмірінен бейхабар адамдар шығарады деп ойлаймын. Әсіресе, Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздары, профессорларының идеясы сияқты көрінеді, - дейді Алтынай Омар.

 Ұзаққа созылған оқудан баланың жүйкесіне салмақ түспей ме? Қоғамдағы талқыланып жатқан сұрақтың бірі осы. Психолог Ғайнижамал Боранбаева бірнеше жылдан бері оқушының мінез-құлқын зерттеп жүр.

Оның пікірінше, оқу мерзімінің ұзартылуы баланың жүйкесіне кері әсер етуі мүмкін. Ол сондай-ақ қазіргі оқушылардың телефон арқылы-ақ көп ақпарат алып жатқанын тілге тиек етті.

Оқу жылы бойы миын дем алдырмай білім алған оқушының ми тынықтыратын уақыты болуы керек. Оның үстіне, көпшілік 25 мамырдан 1 қыркүйекке дейін демалысқа шыққанға үйреніп қалды. Бұл оларға күйзеліс әкеледі.  Жазғы уақытта оқуға оқушылардың күннің ыстығынан құлқы да болмайды, энергиясы таусылады. Мәселен, зерттеу нәтижелеріне сәйкес, бір күнде 6 сабақ оқыған оқушы 1-4 сабақ арасында айтарлықтай белсенді болады. Сабақ аяқталатын кезде оқушының ақпарат қабылдауы қиындайды. Шетелдің тәжрибесін алуға ұмтыла бермей, бір уақ баланың психологиясын да ойлаған абзал, - дейді психолог.

Ол бәлкім, бұл бастаманы балалардың ата-ана бақылауынан тыс қалып жүргенін ескеріп, «одан да, сабақ оқысын» деген мақсатпен қолға алып жатқан болар деп отыр.

Бұл бір жағынан құптарлық іс. Бірақ оқу мерізімін ұзартып, білім сапасын арттырамыз деген жалған ұран болып шықса, онда бала өзінің басқа қырларын дамытуына уақыт таппай қалуы мүмкін,- дейді Ғайнижамал Боранбаева.

Өзге елде оқушылар қалай демалады? Әлемде оқушылардың каникулының ұзақтығы әр елде әркелкі. Мәселен, Дания мен Чехия мемлекеттерінде оқушылардың каникулы 11-12 аптаға созылады. Ал Болгарияда 14-19 апта аралығында каникулға шығады. Оқу мерзімінің ұзақтығы мектептің географиялық ерекшеліктеріне байланысты. Жазда күн қатты ысып кететін аймақтарда оқу ұзақтығы қысқарақ. Ал Түркия, Украина мен Ресей балалары бір жылда 18 апта демалады. Ал көрші Қырғызстан аумағында оқу 1 қыркүйекте басталып, 9 маусымда өз мәресіне жетеді. Ал Өзбекстанда оқу жылы біздің еліміздегі бұрынғы мерзімдікіндей, 1 қыркүйекте басталып, 25 мамырда аяқталады.

Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда 7 мың 550 мектеп бар. Орта білім ордаларында 3 миллион 600 мың шамасында оқушы оқиды. Мұғалім саны 338 мыңға таяу. Елімізде мектеп жетіспеу мәселесі өзектілігін әлі күнге жойған жоқ. Салдарынан республикадағы 147 мектепте балалар үш ауысымда оқуға мәжбүр. Көптеген сарапшылардың пікірінше, біздегі білім саласындағы қордаланып қалған мәселенің өзегі – оқу ұзақтығы емес, мектеп пен оның материалдық-техникалық базасы, мұғалімдердің біліктілігі мен оқулықтың оқу стандарттарына сайлығы.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: