Оқу-ағарту министрі мектеп түлектері мен ұстаздарды құттықтады

24 Мамыр, 09:28 923

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп оқушыларын, түлектерді, педагогтер мен ата-аналарды 2023-2024 оқу жылының аяқталуымен құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Құрметті әріптестер, ата-аналар, оқушылар! Сіздерді биылғы оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын! Осы айтулы оқиғаны алғаш рет «Білімім – Отаныма» тақырыбында жаңа бірыңғай форматта атап өтеміз. Бұл – бір жылда атқарылған жұмысты қорытындылап, мұғалімдерге, мектеп ұжымына, ата-аналарыңызға алғыс айтуға болатын таптырмас себеп. Өйткені, сіздердің еңбекпен алған білімдеріңіз Отанға деген сүйіспеншілік пен құрметтің белгісі!  Бүгін сіздермен бірге еліміздегі төрт миллионға жуық оқушы келесі сыныптарға ауысады. Бір жылда Сіздер есейіп, оқуда, шығармашылықта, спортта үлкен жетістіктерге жеттіңіздер, - деді министр.

Министрдің дерегінше, осы оқу жылында біздің оқушылар 10 халықаралық олимпиадада 243 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 20 - алтын, 95 – күміс, 128 – қола медаль бар.

Сіздердің әрқайсыларыңыз өз нәтижелеріңізбен мақтана аласыздар! Сіздерді шын жүректен құттықтаймын және мұнымен тоқтап қалмауларыңызды тілеймін!, - деді ол.

Биыл 26 мыңнан астам білім беру қызметкерлері су тасқынына қарсы күресте алдыңғы қатарда жүрді.

Құрметті педагогтер! Биылғы көктем әсіресе батыс және солтүстік өңірлердегі әріптестерімізге ауыртпашылық ала келді. 26 мыңнан астам білім беру қызметкерлері су тасқынына қарсы күресте алдыңғы қатарда болды. Қиындықтарға мойынсұнбай, балаларымызды оқытуды жалғастырдыңыздар, мектептерді құтқарып, мұқтаж жандарға қолдау көрсеттіңіздер және ағартушылық миссияны адал атқардыңыздар. Сіздердің ерен еңбектеріңіз бен ұстаздық кәсіпке адалдықтарыңыз үшін ең шынайы ризашылығымды білдіремін!, - деді Ғани Бейсембаев.

Биыл 186 мың мектеп түлегі аттестат алса, 150 мыңнан астам колледж бітіруші диплом иеленіп, толыққанды маман болады.

Құрметті түлектер! Сіздер өмірдің жаңа, жауапты кезеңіне аяқ басқалы тұрсыздар және бұл сіздер үшін ғана емес, бәріміз үшін – ата-аналар, мұғалімдер, тәлімгерлер үшін де жан тебірентер сәт. Осы жас буын мемлекет тарапынан жасалып жатқан барлық мүмкіндікті пайдаланып, еліміздің өсіп-өркендеуіне барынша атсалысады деп сенемін! Сіздерге ақ жол тілеймін!, - деді министр.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: