Операция 13 сағатқа созылды: ПІБ МО ауруханасында пациентке ерекше хирургиялық ота жасалды

24 Қазан, 16:00 751

ҚР Президентінің Іс басқармасы Медорталығы ауруханасында күн сайын күрделі операциялар жасалып, науқастарға жоғары сапалы медициналық қызмет көрсетіледі. Осы жолы нейрохирургиялық бөлімше дәрігерлерінің көмегіне жүгінген пациенттің жағдайы ерекше назар аударуға тұрарлық, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Науқас 2 жылдан бері асқынған дертінен зардап шегіп келген. Ол көз алмасы ұясынан шығып, ыңғайсыздық сезімі туындағанын, басы ауыратынын айтып шағымданған. Уақыт өте келе көз алмасының шығуы айтарлықтай күшейе береді. Аурухана дәрігерлері пациентті мұқият қарап-тексеріп, МРТ зерттеуіне жолдама берді. Томографияның қорытындысы науқаста сфеноорбиталды ісік бар екенін көрсетті. Ісік сына тәрізді сүйектен басталып, мидың ішіне ғана емес, сонымен қатар, көз ұяшығына қарай да өсіп, көз алмасының алға шығуына әсер еткен.

Науқастың шағымдары, неврологиялық статусы және зерттеу қорытындылары негізге алына отырып, ол жоғары технологиялық операция жасау үшін нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылды. Толық тексерістен кейін пациентке «Сол жақты птерионалды рекраниотомия, латералды орбитотомия. Микрохирургиялық сол жақты сфеноорбиталды ісікті толық алу» операциясы жасалды. Ота сәтті өтіп, нәтижесінде экзофтальм тегістелді. Қазір науқастың жағдайы жақсы, медициналық бақылаудан кейін жетінші күні Ауруханадан шығарылды, - деп атап өтті нейрохирург дәрігер Абылай Серікбай.

Жезқазған өңірінен келген пациент Ибраева Дананың МРТ нәтижесінде миынан екі ісік анықталған. Ал ота барысында ісік саны төртеу екені белгілі болған.

Фото: ҚР Президентінің Іс басқармасы Медорталығы

Денсаулығымды сеніп тапсыра алатындай дәрігерді, аурухананы көп іздедім. Осы жер туралы естіп, нейрохирург Абылай Серікбайдың алдына үмітпен келдім. Ол білімімен, қарым-қабілеті және тәжірибесімен мені өзіне  сендірді. Операция 13 сағатқа созылды. Қазір жағдайым жақсы, дәрігерге ерекше алғыс айтқым келеді. Егер мен сияқты диагнозы бар, не істерін білмей жүрген адамдар болса, осы Ауруханаға, осы дәрігерге келсін деп кеңес беремін, - деп ризашылығын білдірді пациент.

Нейрохирург дәрігер операцияның сәтті өтуіне жоғары технологияның ықпал еткенін атап өтті.

Біздің медициналық команда пациенттің жағдайын жақсартуға бар күш-жігерін жұмсады және операцияның сәтті өтуі - кәсібиліктің, тәжірибенің және жоғары технологияның нәтижесі. Науқасымыздың сауығып, өмір сапасының жақсарғаны - біз үшін ең үлкен қуаныш, - деді ол.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: