OpenAI компаниясы ChatGPT қызметіне жаңа ішкі қағидалар енгізді. Енді 13–17 жас аралығындағы пайдаланушыларға арналған қосымша қауіпсіздік талаптары қолданылады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Компания жасөспірімдерді «кішкентай ересектер» ретінде қабылдауға болмайтынын мойындап, оларға ерекше қорғаныс қажет екенін атап өтті. Жаңа ережелер жас ерекшелігі психологиясына негізделген және Америкалық психологиялық қауымдастық секілді сыртқы мамандармен тексерілген.
Жүйе төрт негізгі қағидаға сүйенеді:
– жасөспірімнің қауіпсіздігі жауап мазмұнынан маңыздырақ;
– чат-бот шынайы адамдармен қарым-қатынасты алмастырмауы керек;
– жас ерекшелігіне сай құрметпен сөйлесу;
– ІІ технологиясының шектеулерін ашық және түсінікті жеткізу.
ChatGPT қауіпті тақырыптарға аса мұқият назар аударады: зиянды әрекеттер, қауіпті челлендждер, дене туралы сұрақтар, жасырын зиянды әрекеттерге шақыру және басқа да сезімтал жағдайлар. Мұндай сәттерде ИИ нақты шектеу қойып, қажет болған жағдайда ересектерге немесе мамандарға жүгінуге кеңес береді.
Компания бұл жаңашылдық ата-аналар үшін қосымша сенім береді деп есептейді. Ережелер Teen Safety Blueprint және ата-аналық бақылау жүйесімен байланысты. Сондай-ақ топтық чаттар, Atlas браузері және Sora қолданбасына да таралады. Пайдаланушыларға экран алдында көп уақыт өткізбес үшін үзіліс жасау туралы ескертулер жіберіледі.
Алдағы уақытта OpenAI пайдаланушы жасын автоматты түрде анықтайтын жүйені іске қосуды жоспарлап отыр. Егер қызмет кіші жастағы қолданушыны анықтаса, чат автоматты түрде жасөспірім режиміне ауысады. Күмән туындаған жағдайда қауіпсіз нұсқа таңдалады.
OpenAI бұл қадамның бір реттік бастама емес, жасөспірімдерді қорғауға бағытталған ұзақ мерзімді стратегия екенін атап өтті.