09.10.2025
13:18
398
OpenAI мен AMD миллиардтаған долларға келісім жасады

OpenAI мен AMD миллиардтаған долларға келісім жасады

ChatGPT чат-ботының әзірлеушісі OpenAI мен чип өндірушісі AMD арасында бес жылдық серіктестік жөнінде келісім жасалды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Келісімнің нақты құны жарияланған жоқ, алайда Батыс басылымдарының хабарлауынша, мәміле көлемі ондаған миллиард долларды құрайды. Бұдан бөлек, Сан-Францискода орналасқан жасанды интеллект стартапы алдағы уақытта AMD компаниясының 10% акциясын сатып алу құқығына ие болады.

Бұл келісім Nvidia компаниясы OpenAI-ға 100 миллиард доллар инвестиция салу жоспарын жариялағаннан кейін екі апта өткен соң жасалды. Екі компания да жалпы қуаты 10 гигаватт болатын жаңа деректер өңдеу орталықтарын салуға уағдаласты.

OpenAI басшылығы жаңа келісімнің құнын шамамен 50 миллиард доллар деп бағалайды. Оның үштен екі бөлігі чиптер мен инфрақұрылымды дамытуға жұмсалмақ. Бұл мәміле – OpenAI компаниясының жасанды интеллектке арналған жаңа буын деректер орталықтарын құру және заманауи үлгілерді оқыту жүйесін жетілдіру бағытындағы кезекті қадамы. Осындай ірі келісімдер арқылы стартап озық технологиялар жарысындағы көшбасшылық орнын нығайтып отыр.

Жаңалық жарияланған соң, AMD акцияларының бағасы алдын ала сауда кезінде 15%-ға көтерілді.