ОПЕК+ ұйымының құрамындағы сегіз мемлекет қыркүйек айында мұнай өндіру көлемін тәулігіне 547 мың баррельге арттыру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
ТАСС-тың жазуынша, бұл шешім төрт айға жоспарланған өндірісті кезең-кезеңімен арттыру жоспарына сай келеді. Ақпарат ОПЕК-тің ресми сайтында жарияланған. Мұнай нарығындағы сұраныс пен қор деңгейіне сүйене отырып қабылданған бұл шешім қорлардың төмен деңгейде болуы және нарықтың негіздік көрсеткіштерінің оң әсерімен түсіндірілді.
ТАСС агенттігінің есебіне сәйкес, аталған шешім арқылы бұл сегіз ел тәулігіне 2,2 млн баррель болатын бұрынғы ерікті қысқартуларынан толықтай бас тартып отыр. Бұл жоспарланған мерзімнен бір жыл ерте орындалмақ. Сонымен қатар, БАӘ-нің өндірістік квотасы 300 мың баррельге ұлғайтылды. Бұған дейін бұл өсім 2025 жылдың сәуірінен 2026 жылдың қыркүйегіне дейін кезең-кезеңмен жүзеге асырылуы тиіс еді.
ОПЕК+ елдері алдағы уақытта да ай сайын кездесулер өткізіп, нарықтағы жағдайды бақылап, келісім шарттарының орындалуын қадағалап отырады. Келесі отырыс 2025 жылдың 7 қыркүйегіне жоспарланған.