Оңтүстік Корея жаңа буындағы жоғары жылдамдықты EMU-370 пойызына арналған негізгі технологиялардың әзірлемесін толық аяқтады. Бұл пойыз сағатына 370 шақырымға дейін жылдамдықпен жүруге қабілетті. Бұл туралы Yonhap News Agency ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы.
Мәліметке сәйкес, ұлттық ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар (R&D) бағдарламасы аясында жасалған EMU-370 пойызының техникалық шекті жылдамдығы 407 км/сағ-қа дейін жетеді. Ал алғашқы вагондарды өндіру келесі жылы басталмақ. Пойызды сынақтан өткізу 2030 жылға жоспарланған, ал коммерциялық пайдалану 2031 жылдан кейін қолға алынады.
Жоба іске асқан жағдайда, EMU-370 әлемдегі ең жылдам пойыздардың бірі атанбақ. Ол жылдамдығы бойынша тек Қытайдың CR450 пойызынан кейінгі екінші орынға шығады. Қытайлық үлгі қазір 400 км/сағ жылдамдықпен сынақтан өтіп жатыр және оны 2027 жылы іске қосу жоспарланған.
Салыстыру үшін айта кетсек, бүгінде Франция, Германия және Жапониядағы жоғары жылдамдықты пойыздардың орташа коммерциялық жылдамдығы шамамен 320 км/сағ деңгейінде.
EMU-370 жобасы 2022 жылдың сәуірінен 2025 жылдың желтоқсанына дейін жүзеге асырылды. Оған жетекшілік еткен – Корея теміржол ғылыми-зерттеу институты, сондай-ақ жобаға жеті мемлекеттік және жекеменшік ұйым қатысқан.