Оңтүстік Корея дәрігерлері Талдықорған қалалық ауруханасында отыздан астам ота жасады

30 Шілде 2023, 09:52 1183

Оңтүстік Корея Республикасынан бір топ дәрігер Жетісу облысының Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасында 33 ота жасады, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұл - Хёндэ госпиталі дәрігерлерінің Жетісу өңіріне осымен 4-ші рет келуі. Госпиталь директоры Ким Бу Соп бастаған мамандар бес күн ішінде 1000-нан астам тұрғынды тексеруден өткізіп, травматология мен хирургия бағытында 33 ота жасаған.

Хёндэ госпиталының директоры Ким Бу Соп арнайы топ құрамында госпитальдің және «Чунг-Анг» университетінің медициналық орталығының нейрохирург, хирург, терапевт, хирург-травматолог және шұғыл медициналық көмек көрсететін 50 шақты маманы барын айтады. Олар мұндай қайырымдылық акциясын жылда өткізетіндерін жеткізді.

1930 жылдары Қазақстанға жер аударылып келген корей халқына аштық кезінде қазақтар үлкен көмек көрсетті. Қазақтарға алғыс білдіру, екі ел арасындағы достықты нығайту үшін біз жыл сайын келіп, дәрігерлермен тәжірибе алмасып, тегін тексерулер мен операциялар жасаймыз, - деді госпиталь директоры.

2018 жылы облыс әкімдігі, Қазақстан халықтары ассамблеясы және Қазақстандағы корей халқы ассоциациясы бірлесіп Хёнде госпитальімен Жетісу өңірінің тұрғындарын жыл сайын медициналық тегін тексеруден өткізу туралы меморандумға қол қойған болатын. Меморандумға қол қойылған сәттен бастап шетелдік мамандар тізе, жамбас және басқа буындарды ауыстыру бойынша 50-ден астам ота жасады. Сонымен қатар Хёндэ клиникасының есебінен еліміздің дәрігерлері Оңтүстік Кореяда білім алып жатыр. 

Талдықорған қалалық көпсалалы аурханасының директоры Асқар Садықов корей елінің дәрігерлері травматологиялық, хирургиялық операциялар жасаумен қатар, тәжірибе алмасып, жаңа дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтарды енгізу туралы ақпаратпен алмасып отыратынын айтты.

2018 жылдан бастап біздің бірқатар қызметкерлеріміз және бірнеше аудандық ауруханалардың мамандары Хёндэ госпитальінде біліктілікті арттыру курстарына қатысты. 4 жылдан бері мамандар еріктілермен, жетекші профессорлармен және клиниканың директорымен бірлесіп біздің ауруханаға келіп, консультациялық-диагностикалық көмек көрсетіп келеді. Сондай-ақ бірқатар хирургия және травматология саласы бойынша оталар жасалды, – деді Асқар Садықов.

Осы сапар аясында Жетісу облысының әкімдігі мен Корея Республикасы Хёндэ госпиталі және «Чунг-Анг» университетінің медициналық орталығы халық денсаулығын жақсарту, екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында келісім меморандумына қол қойды. Меморандум негізінде екі елдің мамандары травматология, хирургия және радиология салалары бойынша бірлесе жұмыс атқармақ. 

 

 

Асқар Таудай
Бөлісу: