«Оңтүстік» индустриалды аймағында 76 жоба іске асырылды

12 Қараша 2023, 14:26 662

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Оңтүстік» индустриалды аймағын аралады, деп хабардайды El.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Оңтүстік» индустриалды аймағы 2010 жылы «Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту» жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында құрылды. Жер көлемі – 337 гектар. Жалпы жоба құны 101,4 млрд теңгені құрайтын 96 жобаны іске асыру жоспарланып, 3 064 адамды жұмыспен қамту көзделген. Ашылған мерзімнен осы уақытқа дейін инвестиция көлемі 89,2 млрд теңгені құрайтын 76 жоба жолға қойылып, 2 648 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал бүгінде жалпы құны 12,2 млрд теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба жүргізілуде. Нәтижесінде, 416 жұмыс орны ашылады.

Аталған аймақ 2010 жылдан 2023 жылдың 1-тоқсанына дейін «Оңтүстік» қатысушы кәсіпорындары өндірген тауар айналымы 452,3 млрд теңгені құрап, өнімнің экспорт көлемі 100,8 млрд теңгеге жетті.

Қала басшысы аймақты аралау кезінде «ЕВРО Кристалл» ЖШС, «QazAlpak» ЖШС кәсіпорындарының жұмысы және «Асфальт–А» ЖШС зауыты құрылысының 2-кезеңімен танысты.

Шыны ыдыс шығаратын «ЕВРО Кристалл» зауыты инвестиция сомасы 3 800 млн теңгені құрайтын 300 жұмыс орны қамтылған. Жылына өндірістік қуаты 200 млн бірлікті құрайды. Жеңіл металдан орайтын материалдар шығаратын «QazAlpak» зауытының инвестиция көлемі – 23 400 млн теңге, 145 жұмыс орнын ашу көзделген. Жылына өндірістік қуаты 500 млн бірлікке жетеді. Бүгінде «Асфальт–А» зауытының II кезең жұмыстары аяқталуға жақын. Алдағы уақытта мұнда жаяу жүргіншілер жолына төселетін Терраццо плиткалары шығарылады.

Қала әкімі «Оңтүстік» индустриалды аймақтың жұмысымен танысу барысында мемлекеттік қолдау негізінде кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетілетінін жеткізді.

 

Асқар Таудай
Бөлісу: