Онлайн-мамандықтар ауыл жастарын жұмыссыздықтан құтқара ала ма?

13 Маусым 2023, 17:00 1134

Жұмыссыздық мәселесі ауыл жастары үшін қашан да өзекті, өйткені аудандарда жұмыс орны өте аз: бірлі-екілі әлеуметтік нысан мен санаулы бизнес ошағы ғана.  Жастар қаладан жұмыс іздеуге мәжбүр. Екі қолға бір күрек табылса да, жалдамалы пәтер сынды қиындықтар тағы бар. Осыдан әлеуметтік мәселелердің тізбегі түзіледі.

Қайтпек керек?  Әлемді уысында ұстаған пандемия көпшіліктің өмір салтына ғана емес, еңбек нарығына да айтарлықтай өзгеріс енгізді. Онлайн қызметтер оңтайлығын дәлелдеді. Соның ішінде бизнес-маркетинг саласы үшін онлайн форматтың өте қолайлы екеніне көз жетті. Бұл дегеніңіз – жұмыс іздеп, қалаға қарай сабылатын ауыл жастарының қарасын сейілтуге мүмкіндік туды деген сөз. Осының маңызын түсінген «Жаңаша» қоғамдық қоры «Теңізшевройл» компаниясының демеушілігімен Атырау облысы Жылыой ауданының жастарын онлайн-мамандықтарға тегін машықтандыруда.


© Алтынай СЕРІКБАЙ

Ауыл жастарына SMM, копирайтинг, таргетинг, веб-дизайн сияқты онлайн-бизнестің инструменттерін меңгертсек, олар өз ауылында отырып-ақ, тапсырыс берушіге қашықтан  қызмет көрсетеді. Қазір кішкентай дүңгіршіктен алпауыт компанияларға дейін әлеуметтік парақша жүргізеді. Сұраныс бар. Бұған қоса, курсқа қатысушылар кейін өздері де онлайн кәсіп ашып, табыс таба алады. Қазір инфобизнестің заманы ғой. Нағыз тіс қаққан маманға айналар болса, білгенін өзгелерге үйрету арқылы да ақша табуға мүмкіндік бар. Бүгінде осындай бағыттағы курстар өте көп. Әйтсе де, оған кемі 100 мың төңірегінде қаражат қажет. Ауыл жастары үшін бұл аз ақша емес. Біз сол үшін «Шектелме» деп аталатын жоба жасақтап, байқауға қатысқан едік. Атауының өзінен біздің мақсатымыз бен идеямызды түсінуге болатындай. Жолымыз болып,  Атыраудағы әлемдік компанияның  әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында қаржыландырылатын жобалардың қатарына ендік, - дейді қор басшысы Алтынай Серікбай.

«Балық берме, қармақ бер»

Сәуірде тұсауы кесілген жоба бүгіннің өзінде 50-ге жуық жасқа сертификат беріп, еңбек нарығына қосқан. Сабақтар ауылдық округтерде кезең-кезеңімен өткізілуде. Әлеуметтік жобаны ұйымдастырушылар қазан айына дейін 200-ден астам тұрғынға онлайнда табыс табудың жолын меңгертуді жоспарлап отыр. Мұндай мүмкіндікке 14-35 жас аралығындағылар ие. Қор басшысы Алтынай Серікбайдың айтуынша, курсқа қатысушылардың ішінде табыс тауып үлгергендері де бар.

Тұрғызба ауылындағы сабақтарымызға «Таргетинг» бағыты бойынша қатысқан Қарашаш Уәли есімді 16 жастағы оқушымыз бір күнде 60 мың теңге тапқан. Эльвира Жұмағұлова есімді шәкіртіміз  ұялы телефон сататын дүкендер желісіне СММ маманы болып жұмысқа тұрды. Эксперттік парақшаларын дамытып, табысын еселеп жатқандар қаншама? Бұл  біз қолға алған жобаның әлеуметтік маңызын растай түседі. Ауыл жастары шектелмесе екен дейміз, - дейді Алтынай Серікбай.

Расында да, онлайн-мамандықтардың оңтайлы тұсы көп, керегі -  қабілет, ниет және интернет желісіне қосылған гаджет қана. Олардың сұранысқа ие мамандықтар рейтингінде де көш басында екенін ескерсек, мұның тілін түсініп алғандардың нәпақасыз қалмасы анық.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: