Онкологияның алдын алуға бола ма? 14 жылдық тәжірибесі бар білікті маман жауап берді

26 Қыркүйек, 13:00 545

Жоғары санатты дәрігер, онколог Қуантқан Жабағин қатерлі ісіктің алдын алу және оған себепші болатын жағдаяттар жайлы айтып берді. Жыл сайын әлемде қатерлі ісіктен 9 млн адам көз жұмады. Бұл салада 14 жылдан астам еңбек өтілі бар маман ядролық медицина жайлы да айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Маман алдымен онкология саласына қалай келгеніне тоқталды.

Бұрынғы Семей облысы Қайнар ауылының ғасырлық тарихы бар Сапарғали Бегалин атындағы орта мектепті 2003 жылы тәмәмдадым. Мектеп ұстаздарының мықтылығынан кез келген пән бойынша дайындығымыз мықты болатын. Мектеп бітірісімен Семей мемлекеттік медицина академиясына емдеу факультетіне 1-курсқа оқуға түстім. Онкологияға қызығушылық студенттік кезеңнің 5-курсынан басталды, алғаш рет онкология орталығына сабаққа келгенде студенттік ғылыми үйірмелеріне қатысып, үнемі кафедрадағы профессорлардың тәлімін алдық. 5-курстан бастап өзіме онколог дәрігері боламын деген мақсат қойдым, университетті бітірген соң тереңдетілген клиникалық тәжірибе алуға 2 жылдық резидентураға түсіп, тәжірибемді пысықтадым. Онкологияда әлі ашылмаған жайттардың көптігі мені ғылымға алып келді. Резидентурадан кейін, ғылыми онкологиямен айналысу үшін докторантураға түсіп, ғылыми жұмысымды сәтті қорғап, PhD докторы атағын алып шықтым. Қазіргі кезде клиникалық тәжірибемен, ғылыммен және оқытушылықпен айналысып жүрмін. Медицина университетіндегі онкология кафедрасында оқып жатқан онколог резидент дәрігерлердің тәлімгері ретінде оқытушылық қызмет жасап жатқан да жайым бар, - деді онколог.

 El.kz: Қуантқан мырза, қатерлі ісік ауруына шалдығу бойынша еліміздегі ахуалға қандай баға беруге болады?

Қуантқан Жабағин: Қатерлі ісіктерді зерттейтін халықаралық агенттіктің (IARC) мәліметі бойынша бүкіл әлемде қатерлі ісік диагнозынан жылына әрбір 9-шы ер және әрбір 12-ші әйел адам дүние салады екен. Дүние жүзінде жылына 20 миллион адам қатерлі ісікке шалдықса, 9,7 миллион адам осы дерт кесірінен қайтыс болады. Өкпе обыры мен сүт безі обырының аурушаңдылығы алғашқы екі орында.

Wisevoter ақпараттандыру-статистикалық платформасының есебіне сәйкес, 2023 жылы әлемде 100 мың адамға шаққанда қатерлі ісіктермен аурушаңдылық 196 адамды құраған. Ең көп сырқаттанатын елдердің үштігін Европа мемлекеттері – Дания (335 адам), Ирландия (327 адам) және Бельгия (323 адам) мемлекеттері ашады. Ал, ең аз аурушаңдылық Африка құрлығындағы - Нигерия (76 адам), Гамбия (79 адам) және Непал (80 адам) мемлекеттеріне тиесілі. Жоғарғы аурушаңдылық – генетикалық бейімділікке, өмір салты және қоршаған ортаға әсер ету сияқты факторларға байланысты болуы мүмкін. Сонымен қатар, бұл елдерде онкологиялық ауруларды тексеру мен диагностикалаудың тиімді жүйесі жұмыс істейтінін де көрсетеді. Яғни, жоғарғы аурушаңдылық, нашар онкологиялық медициналық көмектің көрсетілмеуінен емес, керісінше сол елдердің медицинасының әлеуетін көрсететін фактор болуы да мүмкін, егер де бастапқы сатыларында анықталу пайызы өте жоғары болса.

Wisevoter рейтингісінде біздің еліміз Қазақстан қатерлі ісіктермен аурушаңдылық бойынша 2023 жылы 82 орынды иеленді, яғни 100 мың адамға шаққанда 160 адам қатерлі ісікке шалынады деген сөз. 2023 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 218 мыңнан астам науқас қатерлі ісік диагнозымен тіркеуде, толығырақ айтқанда жылына 40 мыңнан астам адам ауруға шалдықса, 12 мыңнан астам науқас көз жұмады.

El.kz: Ісіктің жылдам дамып кетуіне көп жағдайда не себеп болады? Мысалы, жылда тексерістен өтіп, кейін ісіктің үлкен екенін біліп жататындар болады. Сонда бір жылдан аз уақыт скринингтен өту керек пе?

Қуантқан Жабағин:  Дұрысы, жасы не үлкен адам болсын жыл сайын немесе 2 жылда 1 рет тексерілулерден өтіп тұрғаны абзал. Елімізде бекітілген 3 скринингті бағдарламалар бар, біріншісі: әйел адамдарға арналған – сүт безінің қатерлі ісігінің скринингі 40 пен 70 жас аралығындағы әйел адамдар әр 2 жыл сайын өтіп отыру керек, бұл скрининг сүт безін маммографиядан өткізу тәсілі арқылы жасалады, егер де белгілі бір түзілістер анықталып жатса, ультрадыбыстық зерттеулер немесе биопсия жасау арқылы тереңдетілген тексерулер жасалынады. Екінші бағдарлама - жатыр мойнының қатерлі ісігі скринингі. 30 бен 70 жас аралығындағы әйел адамдар 4 жылда 1 рет өте алады, оны жатыр мойнынан ісік жасушаларын бар жоғын анықтайтын жағынды алу арқылы жүргізеді. Үшінші бағдарлама – 50 мен 70 жас аралығындағы ерлер мен әйел адамдарға арналған колоректальді ракқа арналған скринингі, үлкен дәреттегі қанды анықтайтын гемокульт тест арқылы анықтайды, өйтені ішектің қатерлі ісігі кезінде қанау процесі жүруі мүмкін.

Одан бөлек еліміздегі әрбір емханаларда ерлерге де, әйел адамдарды тексеруге арналған кабинеттер бар. Кез келген адам өз емханасындағы тексеру кабинеттеріне білгілі бір қатерлі ісікке күдік туған жағдайда барып, тексерілуіне болады. Ол кабинеттегі мамандар, науқастың ауыз қуысының, бүкіл дене терісінің, лимфа түйіндерінің, қалқанша безінің жағдайын, сыртқы жыныс мүшелерінің, тік ішектің жағдайларын тексереді.

Барлық түрі болмаса да, қатерлі ісіктер адамдарда тұқым қуалауы мүмкін. Сүт безінің, аналық безінің қатерлі ісігі бар әйел адамдардың қыздары, қыз немерелері ауыруы мүмкін. Асқазан, ішек жолдарының қатерлі ісігі бар әкесінің балаларында түрлі онкологиялық аурулар шығып жатады. Сондықтан, ата-анасы немесе ата-әжесі қатерлі ісікпен ауырып, содан қайтыс болса, балалары жылына бір рет болса да медициналық тексерулерден өтіп тұруы артық етпейді. Қазіргі уақытта түрлі «чек ап» бағдарламалар кез келген онкологиялық орталықта бар. Ал егер бір ауру белгілері бар болса, уақыт кешіктірмей дәрігерге көрінуі керек.

El.kz: Елімізде қатерлі ісіктің қай стадиясына дейін емдеуге болады?

Қуантқан Жабағин: Қазақстанда онкологиялық қызмет көрсету 3 деңгей бойынша жүргізіледі. Алғашқы науқаста онкологиялық ауруға күдік туған жағдайда науқас ең бірінші өзінің емханасындағы онкологта тексерілуден өтеді. Қатерлі ісік диагнозы қойылғаннан кейін онкологиялық диспансерлерде немесе орталықтарда қатерлі ісікке қарсы ем түрлерін алады. Хирургиялық сәулелі терапия, химиотерапия, таргетті терапия, иммунотерапия, гормонотерапия сияқты ем түрлері халыққа кең түрде қолжетімді. Егер де, жергілікті онкологиялық орталықта науқасқа қажетті жоғарғы технологиялы ем түрі қажет болса, онда науқас Алматы қаласындағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына және Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми онкология орталығына жіберіледі. Елімізде қатерлі ісікке шалдыққан ауруларды кез келген сатысында емдейді. Жағдайы ауыр науқастар хоспис орталықтарында көмек ала алады.

El.kz: Дұрыс тамақтану, спортпен айналысу қатерлі ісіктің болмауына кепілдік бола ала ма? Әлде көп жағдайда ол жүйкенің шаршауы мен стресске байланысты бола ма?

Қуантқан Жабағин: Қатерлі ісік – бір ғана тамақтың немесе стресстің әсерінен болмайды, оның дамуына әсер ететін факторлар көп болады. Бірнеше фактордың ұзақ әсер етуі барысында ағзадағы жасушалардың мутациясы әсерінен ісік жасушалары пайда болады. Егер де ағза иммунитеті мықты болса, күнделікті пайда болатын ісік жасушаларын өз иммунитетіміз жоқ қылып отырады, егер де иммунитетті төмендетуші факторлар көбейсе, атап айтқанда дұрыс тамақтанбау, дұрыс тынықпау, дене шынықтырумен айналыспау, депрессияға немесе стресске бейім болу, зиянды әдеттерге бейім болу, түрлі зиянды физикалық және химиялық зиянды заттарды қолдану кезінде біздің ағзамыздың қорғаныштық қасиеттері төмендеп, аурушаң болады. Ал өз кезегінде қатерлі ісіктерге алып келуі әбден мүмкін! Дені саудың – жаны сау деп халық бекер айтпаған!

El.kz: Кортизолдың өз нормасына болмауы ісіктің пайда болуына қалай әсер етеді?

Қуантқан Жабағин: Кортизол – біздің ағзамызға қажетті гормондардың бірі, және оны жалпы тілмен айтқанда стресс гормоны деп те айтады. Кортизол ағзаның қорғау реакцияларын тудыратын гормон, ал көп деңгейде ол қауіпті гормондарға айналады. Созылмалы ауру немесе стресс кезінде ағзаны стресстен алып шығу мақсатында ағзада көп мөлшерде кортизол бөлінеді. Оның ұзақ уақыт және көп бөлінуі иммундық жүйені әлсіретеді, соның әсерінен ағза түрлі ауруларға берілгіш келеді. Ол ағзадағы қатерлі ісік жасушаларының көбейіп кетуіне де көмектесуі мүмкін. Сондықтан, адамға қандай жағдай болса да, сабырлы болуы өте маңызды. Халқымыз: Сабыр түбі сары алтын деген.Стресспен дұрыс күресе білу, дұрыс тамақтану, дұрыс уақытында тынығу және үнемі дене шынықтырумен айналысу – ұзақ та сапалы өмір сүруіңіздің басты себебі болады. Оған скринингтік тексерілулерден өтіп тұруды, қандай да белгісі пайда болса, уақыт өткізбей дер кезінде қаралуды қосса, кез келген ауруды жеңіп шығуына кепіл болады. Аурудың емін іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуді басты мақсат ете білу қажет.

 

Айдана Мұрат
Бөлісу: