30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыҚазақстанда жыл сайын шамамен 40 мың адамнан онкологиялық ауру анықталады. Бұл көрсеткіштің жыл санап өсуіне не себеп? Қатерлі ісікпен емделу қанша уақытқа созылады және аурудың қайталану қаупі қандай? Осы және өзге де сұрақтарға MedRoom подкастында Президент Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының онколог дәрігері Қуантқан Жабагин жауап берді.
Маманның айтуынша, онкологиялық аурулар санының артуы тек Қазақстанға тән құбылыс емес. Бұл – әлемдік үрдіс. Оған халық санының өсуі, адамдардың өмір сүру ұзақтығының артуы және медициналық диагностиканың жақсаруы әсер етеді.
Біздің бала кезіміздегі ауылдағы медициналық жағдайды қазіргі жағдаймен салыстыруға келмейді. Қазір ауылдардың өзінде УДЗ, компьютерлік томография және МРТ аппараттары бар, – дейді Қуантқан Жабагин.
Онкологтың айтуынша, ол еңбек жолын бастаған кезде Қазақстанда жылына шамамен 20 мың адам онкологиялық ауруға шалдықса, кейін бұл көрсеткіш 35 мыңға, қазір 40 мыңға жеткен.
Дегенмен дәрігер ауру санының өсуінен қорықпау керек екенін айтады. Оның пікірінше, ең басты мәселе – қатерлі ісікті кеш, яғни соңғы сатысында анықтау.
Ауруды ерте анықтау өте маңызды
Қазақстандағы онкологиялық қызметтің негізгі мақсаттарының бірі – қатерлі ісікті алғашқы сатыларында анықтау. Ол үшін скринингтік бағдарламалар жүргізіліп, емханаларда онкологиялық кабинеттер жұмыс істейді.
Қазақстандағы онкологиялық қызметтің мақсаты – ауруды алғашқы сатысында анықтау. Скринингтік бағдарламалар мен онкологиялық кабинеттер барлық емханаларда бар. Жылына бір рет сол кабинетке барып, қаралып тұру керек, – деп атап өтті дәрігер.
Маманның сөзінше, қатерлі ісіктің әр түрінің емдеу ұзақтығы мен тәсілі әртүрлі. Мысалы, сүт безі обыры мен өкпе қатерлі ісігінің емдеу тактикасы бірдей емес.
Кейбір науқастарға операцияға дейін ісікті кішірейту немесе бір жерге шоғырландыру мақсатында химиотерапия тағайындалуы мүмкін. Операциядан кейін қосымша химиотерапия немесе сәулелік терапия қажет болуы ықтимал. Кей жағдайда ем бірнеше айға созылса, енді бір науқаста екі жылға дейін жалғасуы мүмкін.
Бір диагноздың өзінде емдеу тәсілі әртүрлі
Қазіргі онкологияда барлық науқасқа бірдей емдеу тәсілін қолдану қағидасы өзгеріп келеді. Емдеу тактикасы адамның диагнозына, ісіктің түрі мен ерекшелігіне және басқа да факторларға қарай жеке таңдалады.
Сондықтан дәрігер науқастарға өз жағдайын басқа адамдармен салыстырмауға кеңес береді.
Қазір әр адамның емдеу тәсілі әртүрлі. Әр науқас өзін басқа науқаспен салыстырмауы керек. Мен науқастарыма кез келген сұрақты дәрігерден сұрауды айтамын. Өйткені дұрыс ақпарат науқастың алдындағы жолын ашады. Қазақ «жолың ашық болсын» деп тек жолға шығарда емес, өмірде не істейтініңді нақты біл деген мағынада айтқан. Науқас пен дәрігер бір тандемде жұмыс істесе, ем нәтижелі болады, – дейді онколог.
Дәрігердің пікірінше, емдеу процесінде науқас пен медицина маманының өзара түсіністігі маңызды. Науқас өзінің диагнозы мен емдеу жоспарын түсініп, сұрақтарын дәрігерге ашық қойғаны дұрыс.
Қатерлі ісік қайта пайда болуы мүмкін бе?
Онкологиялық аурудың қайталануы медицинада жиі кездеседі. Сондықтан «қатерлі ісіктен толық жазылып шықтым» деген түсінікке дәрігер сақтықпен қарау қажет екенін айтады.
Онкологияда қатерлі ісікті созылмалы ауруға айналдырып, оны бақылауда ұстау да үлкен жетістік саналады. Кей жағдайда емнен кейін ағзада көзге көрінбейтін жекелеген ісік жасушалары қалуы мүмкін. Олар белгілі бір уақыт бойы белсенді болмай, кейін қайта көбейе бастайды.
Қатерлі ісік өте ақылды. Ол да біздің жасушаларымыз, бірақ біздің ағзамызға бағынбайтын түрі. Зомби туралы фильмдерді көп көреміз ғой. Қатерлі ісік жасушаларын мен зомби деп атар едім. Өйткені олар ешкімге бағынбайды. Кейде олар беріп жатқан емге көнбейді. Ісік жасушалары кейде химиотерапияға бейімделіп алады. Дәрігерлер амалсыз емдеуді басқа схемаға ауыстырады, – дейді онколог.
Стресс, дұрыс тамақтанбау немесе иммундық жүйенің әлсіреуі секілді факторлар аурудың қайта белсенділенуіне әсер етуі мүмкін деген түсінік бар. Сонымен қатар ісік жасушалары емге бейімделіп, белгілі бір дәрілерге жауап бермей қалуы ықтимал. Мұндай жағдайда дәрігерлер емдеу схемасын өзгертуі мүмкін.
Онкологиялық аурулар жасарып жатқан жоқ
Қуантқан Жабагин онкологиялық аурулар «жасарып жатыр» деген пікірмен толық келіспейді. Оның айтуынша, диагностика мүмкіндіктерінің жақсаруы ауруды бұрынғыдан ертерек және нақтырақ анықтауға мүмкіндік беріп отыр.
Балалар мен жасөспірімдерде де қатерлі ісіктің белгілі бір түрлері кездеседі. Мысалы, қан ауруларының кейбір түрлері балаларда жиірек анықталады. Сонымен қатар туа біткен онкологиялық аурулармен дүниеге келетін балалар да бар.
Сондықтан маман онкологиялық аурудың жасқа ғана байланысты құбылыс емес екенін, ең маңыздысы – оны уақытында анықтап, қажетті емді дер кезінде бастау екенін атап өтті.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды