Оның қылқаламы – қамшы

31 Мамыр 2019, 15:46 7073

Суретші Бейбіт Әсемқұлмен әңгіме

Суретшіге қиыны өз стилін табу деседі. «Өнерде сара жол салсам» деген талпыныс пен ізденіс адамзатқа Пикассо, Ван Гог секілді ұлы суретшілерді сыйлады. Заман өзгеріп, қоғам дамыса да, суретшінің ізденісі еш азаймапты. Біздің де өнерде дара жол тауып, сол арқылы өз заманын тілсіз сөйлеткісі келетіндер аз емес. Соның бірі – қазақстандық жас суретші Бейбіт Әсемқұл. Бейбіт соңғы уақытта қылқалам орнына қамшыны қолданып жүр. Қамшымен салған туындыларына қарап, кейде оны американ суретшісі Джексон Поллокқа ұқсатып жатады. Десе де Бейбіт басқаларға ұқсамай, өз стилін қалыптастыруды армандайды. 

«Маған бәрі қызық»

Бейбіт үш жасынан сурет салады. Ес білгелі қолынан қағаз бен қарындаш түспеген ол сол кезде-ақ суретші боламын деп мақсат қойған екен.

- Бала кезімде қайда барсам да, сызбалар жасап, сурет салатынмын. Суретке деген қызығушылығымды байқаған соң, туғандарымның ақылына сүйеніп, колледжге түстім. Кейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алдым. Осылайша бала кезгі арманыма ақырын аяқ басып келемін.

Қазіргі таңда Бейбіт елордадағы өнер коллежінде сабақ береді. Сонымен қатар жеке шығармашылықпен айналысып, ізденісте жүр.

- Маған бәрі қызық. Сондықтан қазір мен нақты бір бағытты таңдап, сол бойынша жұмыс жасаймын деген ойға келген жоқпын. Әрине жан-жаққа секіре берген де дұрыс емес. Десе де графиканы да, кескіндемені де ұнатамын. Заманауи өнерге де қызығамын. Дәстүрлі өнер арқылы да жаңа бағыт табуға болады ғой. Бірақ заманға сай жұмыс істеудің өзі мені осы заманның бөлшегі ретінде көрсете алатын сияқты. Жалпы айтқанда, суретші өзін немесе бағытын емес, айналасын айқындағаны дұрыс деп ойлаймын. Мен айтып өткендей,  дəстүрлі бағыт мен үшін жүк емес, мен сол арқылы заманауи өнерге бет бұрудамын. Алдағы уақытта біраз жұмыстар жасап көрмекпін. Олар дəстүрлі тəсілде істелсе де, техника мен тақырыптары тарихтан келіп, бүгінгі заманға сай болмақ. Немесе тек бүгінгі күннің айнасын айқындайтын болады.

Қамшы қалай суретшінің қылқаламына айналды?

Бейбіттің қамшымен сурет салып жүргеніне екі жылдай ғана уақыт болды. Десе де бұл әдіс суретшінің өзіне бірден ұнаған көрінеді. 

- Қазақ елін алсақ, мұңы көп, талай таяқ жеген халық. Бірақ соның бәрі бізге не үйретті? Бүгінгі күн қазақ болсын, басқа болсын, адам баласы өз-өзін қамшыламаса, ештеңе өзгермейді. Көштің жолы түзелмейді. Оның үстіне біздің қоғамда соңғы уақытта қамшының образы өте өзекті болғаннан кейін, қамшымен экспрессивті жұмыс жасауды шештім. Философиялық мағынасы осындай. Ал жалпы қамшымен жұмыс істеудің өзі бүгінгі күнді айқындайтындай. Сенің не салып жатқаның маңызды емес. Маңыздысы - эмоция, оның бүгінгі күнмен астасуы. Әрине, экспрессия арқылы дүниеге келген жұмыс абстрактілі болады. Десе де қамшымен салудың өзінен өнердің қазақы екені білінеді. Өйткені қылқалам орнына қамшыны қолдану сурет өнеріндегі локальды айырмашылықты көрсетеді деп ойлаймын.

Сондай-ақ Бейбіт оның бұл ісіне көп сын айтылатынын да жасырмады.

- «Мұнысы не?», «Киелі затпен ойнағаны не?» дегендей сын айтылып жатады. Оның бәріне оң қараймын. Одан қорқудың жөні жоқ деп ойлаймын. Егер жөні дұрыс, конструктивті критика болса, оны әрине қабылдаймын.

Десе де Бейбіт қазір барлық жұмысын қамшымен салмайды.

- Қамшы менің өзіме ашқан жаңалығым, тәжірибеден өткізіп жатқан техникам. Бұл әдісті дамыту үшін әлі талай жұмыс, экспериметтер жасауым керек. Болашақта қамшыға қатысты ойлар бар. Бірақ оның бәрін уақыт көрсетеді.

«410 000» туындысы жайлы

Былтыр Focus Kazakstan жобасы аясында Берлиндегі арт-резиденцияға қатысқан суретшілердің қатарында Бейбіт те болған еді. Оның резиденция барысында жасаған жұмысы өзінің ерекшелігімен қызықтырды. Сондықтан суретшіден туынды тарихын баяндап беруін өтіндік.

- Берлинге барардың алдында да үйде тұрған қамшыны өнермен байланыстырсам деп ойлап жүретінмін. Қаншалықты киелі зат десек те, үйде босқа шаң басып тұр. Ал оны өнер жолында қолдансаң, киесі жоғалмас деген ой түйдім. Әкемнен рұқсат алып, алғашқы жұмысыма кірісіп кеттім. Нәтижесі - өзінше бір қазақи абстракциялық экспрессия болды. Өзіме де ұнады. Берлиндегі резиденцияға жолдама алғаннан кейін, сол жақта да қамшыны қолданып, жұмыс жасап көрсем дедім. Бірақ нақты соғысқа қатысты туынды жазамын деп ойлаған жоқпын.

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты жұмыстың идеясы Бейбітке Берлиндегі тарихи орындарды аралап жүргенде келген екен.

- Берлиндегі музейлер мен мемориалдарды аралап жүрген кезде осы жұмыстың идеясы туды. Тарихқа сенсек, Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1 миллион 366 мың адам аттанса, соның 410 мыңы қайтпаған. Әрине бұл сан нақты болмауы мүмкін, бірақ тарихи деректерде солай көрсетілгендіктен, жұмысымды солай атадым.

Өз идеясын жүзеге асыру үшін Бейбіт үлкен кенеп бетіне 1 366 000 деген цифрды жазып, оны қара түске бояйды. «Бұл – өлімнің белгісі» дейді суретші. Кейін кенеп бетіне қамшының көмегімен ақ бояу жаққан. 410 000 рет қамшыны соққан соң, кенеп бетіндегі қара сан аққа боялды. «Басқаларды құтқару үшін арқасын оққа тосқан солдаттар секілді», - дейді Бейбіт.

- Әдейі осы тақырыпты қозғап, неміс халқын кіналау жайлы ой болмады. Қазір де бейбіт өмір сүріп жатырмыз дейміз. Бірақ ол да жалған. Сол жалғанмен келіспей, өткеннің қорқынышты құбылысы енді қайтіп қайталанбаса деген оймен өзімнің ақ туымды көтергім келді. Соның нәтижесінде осындай жұмыс дүниеге келді.

Қазір Бейбіттің бұл жұмысы Focus Kazakhstan жобасының қорында сақтаулы.

Суретшінің заман мен қоғамдағы рөлі жайлы

Суретші заманның тамырын дәл басып, сырқатын айнытпай сипаттайтын жан деген ұғым бар. Десе де әркім не істесе өзі білетін заманда бұл түсінік суретшінің мойнына артылған жауапкершілік саналмай ма? Бейбіттің бұл сұраққа өз жауабы бар...

- Жүк деп ойламаймын, керісінше тікелей мақсаты десем болады. Өйткені соңғы бес жылда ұққаным, суретші тек заманның тамырын басып, сырқатын сипаттап қана қоймай, оны сол дерттен емдей алатындай немесе санасына жақсы ой салатындай туынды шығаруға қауқары жетуі керек. Əдеміні бəріміздің жанымыз бен көзіміз сүйеді. Бірақ қазіргі таңда ол аздық етеді. Мүмкін кей суретшілердің адамдарды сұлулықты тануға шақыратыны содан болар. Меніңше, ауыр тақырыпты кенеп бетінде әдемі жеткізудің өзі сұлулық.

Қазақстандық суретшілердің қарым-қатынасы қандай?

Әлемдік өнер өкілдерінің арасында да бір-біріне деген сыни көзқарас бар. Бейбіттің айтуынша, қазақстандық суретшілердің аға буыны жас буынды сынап,  кейде «мойындамай» жататын кездері де болады. 

- Қазақстандық суретшілердің қарым-қатынасы маған ұнайды деп айта алмаймын. Заманауи өнер өкілдері бір бөлек, дәстүрлілер бір бөлек. Әрине, орынды сын айтатын ағаларымыз бар. Бірақ олардың саны саусақпен санарлықтай. Сынды орынды айтатындар аз. Ол білімсіздіктен туындайтын үрдіс деп білемін. Жалпы айтсам, бізде суретшілерге деген қарым-қатынас әлі де жақсы емес. Мейлі мемлекеттік ұйымдардың тарапынан болсын, мейлі суретшілердің өзара байланысы болсын. Бәрі бөлініп кеткен. Мұны өзім дұрыс деп санамаймын. Өйткені, суретші бола тұра қалай заманауи я дәстүрлі деп бөлінуге болады? Дәстүрлі өнер өкілдері заманауи суретшілердің туындыларын «өнер емес» деп мойындамаса, заманауи суретшілер олардың «дәуірі өткен» деп, шығармашылығын қызықсыз санайды. Мен екі жақты да қолдаймын. Бір-бірінен бөліп жарғым келмейді. Өнер болған соң, мақсат та бір болуы керек. Суретші дәстүрлі бағытта жұмыс жасай ма, заманауи тәсілдерді қолдана ма, бастысы – өз ойын көрерменге жеткізсе болғаны. Шығармашылығын шыңдап, ізденіс арқылы өз жолдарын тапса, оның несі айып?!

«Шығармаларымды шедевр санамаймын...»

- Өзіме ерекше ұнайтын жұмысым мынау деп кесіп айта алмаймын. Жалпы, суретшілердің барлығында солай шығар деп ойлаймын. Өзіңе ұнайтын жұмысың біраз уақыт өткен соң ұнамай қалады. Неге екенін білмеймін, бірақ қазір өзіме ерекше әсер етеді дейтіндей туындым жоқ сияқты. Өз жұмысымды шедевр санамаймын, ондай деңгейге әлі жеткен жоқпын. Жетпейтін шығармын деп те ойлаймын. Өйткені «мінсіздіктің шегі жоқ» дейді ғой.

Джексон Поллок жайлы

Бейбіт қамшымен сурет сала бастағанда, оның туындыларын көп адам Джексон Поллоктың суреттеріне ұқсатқан болатын. Бейбіт оның себебін келесідей түсіндірді.

- Шығармашылығымды Джексон Поллокпен салыстыратыны ең алғашқы жұмыстарыма таңдап алған түстерімнің оның туындыларындағы түстермен сәйкес келіп қалуынан болар. Шыны керек, оның техникасын танысам да, шығармашылығымен етене таныс емеспін. Ол суретті тамызып салса, мен ұрып саламын. Оның шығармашылығы өз уақытын көрсетсе, менікі де бүгінгі заманның ритмі сияқты - асығыс, бір із қалдырсам деген ой. Мен үшін қамшының осы түсініктермен астасады. Ал өз басым салыстырғанды, біреуге еліктеуді ұнатпаймын. Керісінше ешкімге ұқсағым келмейді.

Алдағы жоспарлар туралы

Бейбіт алдағы жылы өнердегі достары, суретшілер Нұрбол Нұрахмет, Алмас Орақбаймен бірге жеке көрме өткізуді жоспарлауда. 

- Аталған көрмеге арнап, нобайлар жасап, ойларымды қағаз бетіне түсіріп жатырмын. Онда мен өзіміздің төл өнерімізбен байланысты тақырыпты қозғасам деймін. Және ол тақырыпты заманауи стильде, осы уақытты сезе отырып жүзеге асыруды мақсат етіп отырмын.

«Өнер мен үшін...»

- Өнер мен үшін өмірдегі ең басты дүние деп айта алмас едім. Бәлкім діни адам болғанымнан болар. Бірақ бұл немқұрайдылық деген сөз емес. Өнер мен үшін маңызды. Өнерсіз өмірім бос көрінеді. Қалай десе де, өмірімді түгел арнаған іс.

 

Бэлла Орманбет
Бөлісу: