Өнер музейінде «Зердем – өнерімде» атты көрменің ашылу салтанаты өтті

5 Қазан, 15:32 431

Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде мүсінші, зергер және ұста Естай Дәубаевтың «Зердем – өнерімде» атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Көрмеге автордың 200-ге жуық дәстүрлі қару-жарақтар, әйел әшекейлері, қалыңдық баскиімдері, мүсінді-зергерлік композициялар, паннолық туындылар, тәждердің авторлық нұсқаларын және т.б. туындылары қойылды. Соның ішінде  «Күлтегін», «Тәж», «Бөрілі байрақ», «Алтын құс», «Самұрық», «Сұңқар», «Бәйтерек», «Асатаяқ», «Сәукеле» және т.б.туындыларын ерекше атап өтуге болады.

Естай Дәубаевтың «Бөрілі байрақ» мүсіндік композициясына назар салсақ, түркі әлеміндегі негізгі тотемдік символға айналған көк бөрінің басын аңдық стилде сомдап, айбат шегу сәті ерекше бейнеленген. Ал қалыңдық бас киімінің ерекше үлгісі сәукелелердің авторлық нұсқалары тым ерекше. Қанық қызыл барқытқа бекітілген аң стиліндегі алтын түсті әшекейлер көздің жауын алып, сақ ханшайымдарын еске түсіреді.

Іс-шара барысында автордың «Күлтегін: мүсіні, тәжі, дулығасы» атты мүсіндік композицияның, «Металдарды көркемдеп өңдеу», «Ұсталық және зергерлік өнер туындылары: жасау жолы және қолданыстық маңызы» кітаптарының таныстырылымы өтті.

Айта кетсек, өнер музейіндегі көрме қазан айының 29-ына дейін жалғасады.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: