Соңғы жылдары Астана айтарлықтай түрленіп, жаңа келбетке ие болды. Қабырғалар мен көпірасты кеңістіктердегі муралдар, түрлі-түсті бейнелер көз қуантады.
Бастапқыда бұл жаңашылдық қала мен тұрғындар арасындағы өнер арқылы орнаған байланыс сияқты еді. Бірақ бүгінде сол үндестік біртіндеп жоғалып барады. Себебі вандализм деген жабайылық өнердің бұл саласын да айналып өтпеді.
Есіл өзенін жағалай жүрсеңіз немесе Еуразия ұлттық университетінің маңындағы көпір астымен өтсеңіз, дәл осындай тұрпайылықтың куәсі боласыз.
Ал мына шимай-шатпақты көргенде еріксіз көңіл құлазиды. Елдің бас қаласында емес, бұзақылар бас қосатын иесіз аумақта жүргендей боласыз.
Бұрын мұнда мағынасы бар граффитилер көп болатын. Жас суретшілер әкімдікпен ақылдасып, сұр бетонға әр беруге тырысқан еді. Ал қазір сол қабырғалар бейберекет жазулар мен түсініксіз таңбаларға толып кеткен. Үсті-үстіне жағылған шимайлар қаланың рухын, келбетін жоғалтқандай әсер қалдырады.
Вандалдардың бетімен кеткені сонша, Еуразия ұлттық университеті аумағындағы көпір маңына бояудың жағымсыз иісі сіңіп қалған. Кейбір жерлерде ғана граффитилердің бастапқы мазмұны байқалады. Әрі қарай ретсіз шимай мен дөрекі жазулар көзге түседі. Солардың арасында спортшы бейнесі салынған қабырға бар, оны да бұзақылар бүлдіріп кеткен.
Бұл «көше шығармашылығы» мен «жабайы мәдениет» арасындағы айқас стрит-арт қауымдастығы өкілдерінің де жанына батады. SCAPE лақап атымен танылған граффити-суретші бұл туралы өз пікірін былай білдірді:
Біздің қауымдастықта өзара түсіністік пен сыйластық басты орында. Біз бір-біріміздің еңбегін бағалап, өз ойымызды жеткізгенде өзгенің жұмысына тиіспеуге тырысамыз. Әр суретшінің өзіндік қолтаңбасы бар, сол еркіндікке құрметпен қарау маңызды деп есептеймін. Ал тарихи нысандар мен қоғамдық маңызы бар орындарға сурет салу шығармашылық емес, мәдени сананың төмендігі деп санаймын.
SCAPE сияқты суретшілер үшін өзара құрмет - басты қағида. Ал дайын суретті шимайлап, қала келбетінде өзінің жағымсыз ізін қалдыру мәдениет пен жауапкершіліктің жоқтығын білдіреді.
Онда өнер мен вандализмнің айырмашылығы неде? Айырмашылық адамның ниеті мен көзқарасында жатыр. Нағыз граффити ойы мен мазмұны бар өнер, ал вандализм сол өнердің мәнін жоятын бейберекет қимыл. Бірі қаламен байланыс орнатқысы келсе, екіншісі оны өзіне бағындырғысы келеді.
Граффити ресми түрде заңсыз әрекет болып саналса да, соңғы жылдары оған деген көзқарас өзгере бастады. Қаланың кей аудандарында арнайы бөлінген қабырғалар мен алаңдар пайда болып, онда суретшілер өз идеясын еркін жеткізе алады. Мұндай кеңістіктерде шығармашылық пен тәртіп үйлесім тауып, қала мәдениетінің жаңа тынысы ашылғандай болады.
Алайда соңғы уақытта бұл тепе-теңдік жиі бұзылуда. Әкімдік келісімімен салынған муралдар мен граффитилердің үстін шимайлайтындар саны, өкінішке қарай, артпаса, кемімей тұр. Урбанист Елнар Базыкеннің пікірінше, мәселені шешу үшін адамдарға өз ойын еркін жеткізетін заңды әрі ашық кеңістік ұсыну керек.
Кез келген стрит-арт туындысы мәңгілік емес, ол белгілі бір уақытқа ғана арналған. Егер бір сурет бүлінсе, оны қайта бояп, жаңасын салуға болады. Бізде болашақта кез- келген адам, тіпті кәсіби суретші болмаса да, өз идеясын еркін жеткізе алатын арнайы заңдастырылған алаң жасау жоспары бар, - дейді ол.
Мұндай бастамалар вандализмнің алдын алып қана қоймай, қала мен тұрғындар арасындағы мәдени байланысты күшейтеді. Бірақ кейбіреулер әлі де оны елемей, ғимараттар мен дайын жұмыстардың үстінен өз таңбасын қалдырады.
Психологтардың пікірінше, мұндай қылық көбіне өзін көрсетуге, назар аудартуға ұмтылудан, қоғамнан бөлектену сезімінен туындайды. Кейде іш пысудан, кейде қарсылықтан болуы да мүмкін. Бірақ түптеп келгенде бұл ортақ кеңістікке деген немқұрайлылықтың, мәдениетсіздіктің көрінісі. Мұндай еркіндік ортақ кеңістікті меншіктеудің, өз амбициясын басқаның еңбегінен жоғары қоюдың белгісі.