Қонаев қаласының полицейлері есірткі әзірлейтін зертхананы анықтады

20 Шілде 2022, 06:22 2202

Есірткі зертханасы қаладан бес шақырым жерде кісі тұрмайтын екі үйдің қоршалған учаскесінде орналасқан.

Қонаев қаласында арнайы операция жүргізілді. Қала маңында синтетикалық есірткі дайындайтын зертхана анықталды, деп хабарлайды El.kz.

Есірткі зертханасы қаладан бес шақырым жерде кісі тұрмайтын екі үйдің қоршалған учаскесінде орналасқан. Ол ара "Мефедрон" дайындауға қажетті жабдықтармен жабдықталған.

Алматы облысы ПД баспасөз қызметі нысанды тексеру кезінде 1999-2001 жылғы үш жігіттің ұсталғанын жеткізді. Олардың бірі Алматы қаласының және тағы екеуі Іле ауданының тұрғындары болып шықты.

– Сұйықтықтар мен ұнтақ заттары бар көптеген пластикалық контейнерлер табылды. Сондай-ақ өлшегіш шкала, сорғыш, респираторлы маскалар, цилиндрлі металл ыдыстар және т.б. заттар бар. Тәркіленген заттар үлгісіне сараптама жүргізіліп, жалпы массасы 52,86 грамм "мефедрон" есірткі заты деп танылды. Сонымен қатар, арнайы операция кезінде жалпылай 2 тоннаға жуық химиялық зат тәркіленді. Қазір аталған факті бойынша қылмыстық тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - дейді Алматы облысы ПД бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Елдар Әбдікенов

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 297-бабы бойынша іс қозғалды. Ұсталғандардың бірі қамауға алынды, қалған екеуіне қатысты "келіп көрініп тұру міндеттемесі" түрінде процессуалдық мәжбүрлеу шарасы таңдалды.


Бөлісу: