«Он жылдан бері ішімдікке үйір болды». Илья Ильин Алмас Өтешев туралы шындықты айтты

19 Тамыз, 12:19 9696

Қазақстандық танымал ауыратлет Илья Ильин Рахым Ошақбаевқа берген сұхбатында бұрынғы командалас әріптесі Алмас Өтешевтің жағдайына қатысты ойын айтты. Зілтеміршінің сөзіне қарағанда, Алмас соңғы он жылда ішкілікке салынып кеткен. Бірақ бүгінде клиникада емделіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алмас менің досым. Екеуміз жасөспірім кезімізден бірге жаттықтық. Кейіннен ол менің командама қосылды. Мені бірінші болып қолдағандардың қатарында. Қазақстан құрамасынан кетті. Менің жаттығуыммен, жоспарыммен жұмыс істеді. Біз әлем чемпионатында үздіктер қатарына ену туралы мақсат қойдық, ол күміс жүлдегер атанды. Өкінішті әрине. Бір сәтте кез келген адам қиындыққа тап болады. Бірақ ол сол қиындықтан шыға алмай қалды. 10 жылдан бері ішіп жүр. Ол сұхбатында көп шындықты айтты, өте көп. Өзінің реніші де бар. Бұл оның жанайқайы еді, - деді Ильин.

Илья командалас әріптесін тауып, бүгінде ол емделіп жатқанын алға тартты.

Қазір біз оны таптық, клиникада емделіп жатыр. Бәрі дұрыс. Федерация қосылды, Құдайға шүкір дейміз. Мен оған: «Алмас, бұл менің емес, халықтың қолы. Егер сен қазір қолды алмасаң, ертең ондай мүмкіндік берілмейді» дедім. Екі аптадай қыдырды. Бейжай қарамайтын жігіттер тауып, қазір алкоголизмнен емделіп жатыр. Негізі бұған дейін де талай рет көмектесті, емдеді, жұмыс та тауып берді, бірақ бір айдан артық шыдай алмайды. Ішкілікке салынып кете береді, апталап емес, айлап ішетін кездері болады. Тіпті бауыры да ауырған. Түсінесіз бе, мен ешқашан досымды тастап кетпеймін. Меніңше, бір сәтте жанында жоқ екендігімді, енді көмекке халық арқылы шақыру керектігін түсінген тәрізді. Ол қайта емге кірісті. Енді бес ай бойы сол емді қабылдауы керек. Аяққа тұрғызған соң Жаратушы оған әрі қарай жұмыс істеуге, елге пайдасын тигізуге күш берсін деп тілеймін. Біз одан бас тартқан жоқпыз. Осыны түсіну керек, - деді ол.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: