Әр адамның өмірінде «Менің орным қайда?» деген сұрақ туындайды. Бірі ерте тауып, сенімді қадам басса, енді бірі ұзақ ізденістен кейін ғана өз бағытын айқындайды. Психологтар бұл құбылысты табиғи процесс деп санайды: «Өз орныңды табу» – бір сәттік түсінік емес, адамның өмір бойы дамып, өзгеріп отыратын ізденісі. Қазіргі заманның қарқыны, әлеуметтік қысым, цифрлық технологиялар мен ақпараттың шамадан тыс көптігі бұл жолды күрделендіреді. Дегенмен, өзін-өзі тану, бейімделе ойлау, эмоционалды интеллект пен өмір бойы білім алу секілді дағдылар – адамға өмірлік «GPS» болып, адаспай жүріп, өз миссиясын анықтауға көмектеседі. Nazarbayev University-нің психологы Сымбат Абдрахманова El.kz тілшісіне берген сұхбатында адам өзінің өмірлік миссиясын табуы үшін не істеу керегін айтты.
El.kz: Сымбат ханым, «Өз орныңды табу» ұғымын психология тұрғысынан қалай түсіндіресіз? Бұл – процесс пе, әлде бір сәттік түсінік пе?
Сымбат Абдрахманова: «Өз орныңды табу» психологияда адамның өмірінде бір сәтте аяқталатын құбылыс емес, ұзаққа созылатын әрі үздіксіз жүретін процесс ретінде түсіндіріледі. Ғылыми тұрғыдан ол жеке тұлғаның өзінің қабілеттерін, құндылықтарын және өмірлік бағдарларын айқындап, сол бағытта әрекет етуімен тығыз байланысты.
Мәселен, атақты психолог Эрик Эриксон жасөспірім кезеңіндегі ең маңызды міндеттердің бірі – тұлғаның өзіндік болмысын қалыптастыру деп атап өткен. Дегенмен, кейбір адамдар ұзақ уақыт бойғы ізденістен кейін күтпеген жерден барлығын анық түсінетін ерекше «инсайт» сәтін бастан кешуі мүмкін. Бірақ ол түпкі нәтиже емес, керісінше жаңа даму белесінің бастамасы ғана.
Уақыт өте келе адамның тәжірибесі көбейіп, жағдайлар өзгерген сайын «өз орның» жайлы түсінік те өзгере береді. Сондықтан бұл ұғымды бір мәртелік жетістік деп қарастыру қате. Оны өмір бойына созылатын, үздіксіз өзгеріп, дамып отыратын ізденіс процесі ретінде қабылдау әлдеқайда орынды.
El.kz: Адам өзінің өмірлік миссиясын немесе мақсатын қалай анықтай алады?
Сымбат Абдрахманова: Өмірлік миссия мен мақсатты айқындау – бұл өз болмысыңды терең түсінуге негізделген ұзақ мерзімді процесс. Психология саласында ол өзін-өзі анықтау теориясымен (Self-Determination Theory, Deci & Ryan), тұлғалық сәйкестік теориясымен (Identity Theory, Erikson) және мотивация мен дамудың түрлі концепцияларымен сабақтасып қарастырылады.
Бұл жолда бірнеше маңызды қадамдарды атап өтуге болады:
Құндылықтарды анықтау. Өмірде сіз үшін ең бастысы не: отбасы ма, шығармашылық па, білім бе, әлде қоғамға үлес қосу ма? Бұл мәселе Маслоудың қажеттіліктер иерархиясының жоғарғы деңгейлерімен — өзін-өзі жүзеге асыру мен трансценденция кезеңдерімен тікелей байланысты.
Күшті қырларды тану. Сізге қуаныш сыйлайтын әрі жеңіл атқарылатын істер қандай? Бұл Дилтстың логикалық деңгейлер пирамидасында қабілет пен мінез-құлық деңгейімен сабақтас. Алайда өмірлік миссияны табу үшін бұл қабілеттерді құндылықтар мен сенімдермен сәйкестендіру қажет.
Мәнді тәжірибені саралау. Өткен өміріңіздегі ең бақытты не ең мақтаныш сәттеріңізді еске түсіріңіз. Олар болашақта қай бағытқа бет бұғыңыз келетінін айқындайды. McAdams (2001) зерттеулері де адамның жеке естеліктері мен өмірлік әңгімелері оның мақсат-миссиясын қалыптастыруда ерекше рөл атқаратынын дәлелдейді.
Өзгелерге ықпал ету. Сіз кімге және қандай жолмен көмектескіңіз келеді? Артыңызда қандай із қалдырғыңыз келеді? Бұл сұрақтар Дилтстың пирамидасындағы миссия деңгейіне сәйкес келеді және «Мен кім үшін, не үшін әрекет етемін?» деген түйінді мәселені көтереді.
Абайдың «Адам бол» қағидасы да осыған үндейді: адам өзін тану арқылы рухани кемелдікке жетіп, қоғамға пайда әкелуді өмірлік мұрат ретінде қабылдауы тиіс.
Зерттеушілердің айтуынша, мұндай ізденіс бір сәтте аяқталмайды. Уақыт өте тәжірибе тереңдеп, мақсат нақтылана түседі, ал миссия үнемі дамып, өзгеріп отырады. Ең маңыздысы — өзіңе қайта-қайта сұрақ қоя білу және сол сұрақтарға шынайы жауап табуға талпынудан тайынбау.
El.kz: Балалық шақтағы қызығушылықтар мен дағдылар ересек өмірдегі таңдауымызға қаншалықты әсер етеді?
Сымбат Абдрахманова: Зерттеулерге сүйенсек, балалық шақтағы қызығушылықтар мен дағдылар кейінгі өмірлік таңдауларымызға айтарлықтай ықпал етеді. Дегенмен, бұл ықпал әрдайым тікелей болмайды. Даму психологиясы тұрғысынан алғанда, бала кез – қабілеттердің қалыптасып, мінез-құлық үлгілерінің орнығатын кезеңі. Мәселен, Джон Холландтың кәсіби бағдар теориясы ерте жастағы қызығушылықтардың адамның тұлғалық типіне сәйкес мамандық таңдауына зор әсер ететінін көрсетеді. Ал Лев Выготскийдің әлеуметтік-мәдени теориясы бойынша, балалық шақтағы орта мен тәжірибе болашақтағы құндылықтар мен кәсіби дағдылардың негізін құрайды.
Қазақ ойшылдарының мұрасына үңілсек, бұл идеяны олардың еңбектерінен де кездестіреміз. Абай Құнанбайұлы «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деп, жастайынан жақсы қасиеттерге ұмтылудың болашақ өмірге ықпалын атап өткен. Ыбырай Алтынсарин ерте алған тәрбие мен дағдының адамның бүкіл ғұмырындағы мінез-құлқы мен еңбекқорлығын айқындайтынын айтса, Шоқан Уәлиханов білімге және ізденіске деген бала күнгі ынтаның адамды үлкен жетістіктерге жетелейтінін өз өмірімен дәлелдеген.
Сонымен қатар, адамның қызығушылықтары өмір бойы өзгеруі мүмкін. Жаңа тәжірибе, білім және әлеуметтік орта жаңа бағыттарға жол ашады. Дегенмен, ерте жастағы қызығушылықтар көп жағдайда «бастапқы бағдар» ретінде қалыптасып, адамның кәсіби жолы мен өмірлік миссиясын айқындауда маңызды рөл атқарады.
El.kz: Қазіргі заманда өз орнын табуға ең көп көмектесетін қандай дағдыларды айтар едіңіз?
Сымбат Абдрахманова: Қазіргі заманда өз орныңды табуға көмектесетін басты дағдылардың қатарында – бейімделе ойлау, өзін-өзі тану, эмоционалды интеллект және өмір бойы білім алуға ұмтылу бар.
Халықаралық зерттеулер (OECD, World Economic Forum) дәлелдегендей, осы дағдылар тек еңбек жолындағы табысқа ғана емес, адамның өмір сапасына, тұрақтылығына және қанағаттану сезіміне де тікелей ықпал етеді.
El.kz: Эмоционалдық интеллекттің (EQ) бұл процестегі рөлі қандай?
Сымбат Абдрахманова: Эмоционалдық интеллект (EQ) – адамның өз орнын табу жолындағы маңызды тетіктердің бірі. Ол жеке тұлғаның өз сезімін түсініп, басқара алу қабілетін, сондай-ақ өзгелердің эмоциясын дәл аңғарып, онымен санаса білуін қамтиды. Дэниел Гоулманның еңбектерінде EQ төрт негізгі құрамдасқа бөлінеді: өзін-өзі тану, өзін-өзі басқару, әлеуметтік тану және қарым-қатынас дағдылары.
Зерттеулерге сүйенсек, EQ деңгейі жоғары адамдар кәсіби салада да, жеке өмірде де өз мақсаттарын айқындауда белсенді әрі табанды келеді. Эмоционалдық интеллект тек табысқа жетудің факторы ғана емес, сонымен қатар өмірлік миссияны іздеуде және оны жүзеге асыруда сенімді бағыт-бағдар беретін рухани компас іспетті.
El.kz: Өзін басқалармен салыстыру әдеті өмірлік жолды табуға қалай кедергі келтіреді?
Сымбат Абдрахманова: Өзін өзгелермен үнемі салыстыру – адамның өмірлік жолын анықтауына кедергі болатын маңызды факторлардың бірі. Мұндай әдет ішкі бағдарды әлсіретіп, сыртқы өлшемдерге тәуелді етеді. Психологиядағы social comparison theory (Festinger, 1954) бойынша, адам өзінің қабілеттері мен жетістіктерін басқа адамдардың нәтижелерімен салыстыра отырып бағалайды. Алайда бұл үрдіс шектен шыққанда, тұлға өзінің шынайы мақсаттары мен құндылықтарынан алшақтап, «өз орнын» бұрмаланған түсінікпен қабылдай бастайды.
Ғылыми зерттеулер (Vogel et al., 2014) әлеуметтік желілердегі тұрақты салыстыру адамның өзін-өзі бағалауына теріс әсер етіп, уәжін әлсірететінін айқындаған. Мұндай жағдайда адам өз бағытын өзінің күшті жақтарына сүйеніп емес, өзгелердің жетістіктеріне еліктеу арқылы анықтайды.
Қазақтың ұлы ойшылдары да осы мәселені терең қозғаған. Абай Құнанбайұлы «Өзіңе есеп бер» деп, адамның өз ісін өз ішкі өлшемімен бағалау қажеттігін меңзеді. Ал Шәкәрім Құдайбердіұлы «Ар ілімінде» адам тек өзін танып, ар-ожданын басшылыққа алғанда ғана өзінің шынайы жолын таба алатынын атап көрсетті.
Сондықтан өмірлік бағытты айқындау үшін салыстыруды тек үлгі алу немесе тәжірибеден үйрену деңгейінде шектеу маңызды. Ең бастысы – өз құндылықтарыңыз бен жеке дамуыңызға назар аударып, соған сәйкес жол салу.
El.kz: Неге біз өзімізге ұнайтын жолды емес, көпшілік дұрыс деп санайтын жолды таңдаймыз?
Сымбат Абдрахманова: Көпшіліктің «дұрыс» деп санаған бағытын таңдау – адамның әлеуметтік қысымға және топтық нормаларға бейімделуінен туындайтын табиғи психологиялық құбылыс. Social conformity теориясы (Asch, 1951) мен normative social influence тұжырымдамасы бойынша, адамдар сынға ұшырамау, қабылдану және өзін қауіпсіз сезіну үшін топтың құндылықтары мен таңдауларына бейімделуге бейім болады. Бұл құбылыс әсіресе отбасы, қоғам немесе мәдениет белгілі бір мамандықты, өмір салтын немесе мінез-құлық үлгісін «қалыпты» әрі «дұрыс» деп бекіткен кезде айқын байқалады.
Алайда зерттеулер мұндай бейімделудің екінші қырын да көрсетеді: ол жеке қалау мен табиғи қабілеттерді елемеуге итермелеп, уақыт өте ішкі қанағаттанбаушылық пен күйзеліске әкелуі мүмкін (Ryan & Deci, 2000). Яғни сыртқы қысымға негізделген таңдау ұзақ мерзімде адамның өзіндік дамуына кедергі келтіреді.
Сондықтан көпшіліктің пікірін толықтай жоққа шығармау орынды болғанымен, өмірлік жолды айқындауда басты назарды өзіңіздің құндылықтарыңыз бен ішкі уәжіңізге аудару әлдеқайда маңызды. Шынайы таңдау – сыртқы күштеп таңылған нормалардан емес, адамның өз жүрегінен және ішкі сенімінен бастау алғанда ғана мәнді болады.
El.kz: Психологтар қолданатын қандай әдістер немесе жаттығулар адамға өз бағытын табуға көмектеседі? Күнделік жүргізу, медитация немесе коучинг сияқты тәсілдер қаншалықты тиімді?
Сымбат Абдрахманова: Психологтар адамның өз бағытын айқындауына жәрдемдесу үшін әртүрлі дәлелді әдістерді қолданады. Солардың ішінде күнделік жазу, медитация және коучинг ең көп таралған тәсілдерге жатады.
Бұл әдістердің тиімділігі, ең алдымен, адамның тұрақты түрде қолдануына, уәжінің беріктігіне және маманмен жұмыстың сапасына тәуелді. Ал ең жоғары нәтиже оларды кешенді түрде, өзара толықтыратын тәсіл ретінде пайдаланғанда байқалады.
El.kz: Цифрлық технологиялар мен әлеуметтік желілер адамның өз орнын табу процесіне қалай әсер етті — бұл мүмкіндік пе, әлде кедергі ме?
Сымбат Абдрахманова: Цифрлық технологиялар мен әлеуметтік желілер адамның өз орнын табу үдерісіне қос қырлы ықпал етеді – олар бір мезгілде мүмкіндік те, кедергі де бола алады.
Бір жағынан, онлайн-білім беру платформалары, кәсіби желілер мен қызығушылық қауымдастықтары жаңа білім игеруге, әртүрлі салалармен танысуға және пікірлес адамдармен байланыс орнатуға кең жол ашады. Van Dijck (2013) еңбектерінде атап өтілгендей, цифрлық кеңістік өзін-өзі танытуға әрі жеке бренд қалыптастыруға жаңа мүмкіндіктер береді.
Алайда екінші қыры да бар: әлеуметтік желілерде шамадан тыс уақыт өткізу немесе басқалармен үздіксіз салыстыру әдеті (social comparison) адамның өзін-өзі бағалауын әлсіретіп, шынайы қызығушылықтары мен мақсаттарын бұрмалауы мүмкін. Vogel және әріптестерінің (2014) зерттеулері әлеуметтік медианың шамадан тыс қолданылуы психологиялық әл-ауқатқа кері әсер ететінін айғақтайды.
Сондықтан цифрлық құралдарды пайдалану кезінде ең маңыздысы – оларды мақсатты әрі саналы қолдану. Сонда ғана технологиялар кедергі емес, жаңа мүмкіндіктерге бастайтын сенімді серікке айналады.
El.kz: Ақпараттың шектен тыс көптігі адамдардың шынайы қалауын ажырата алуына кедергі келтіре ме?
Сымбат Абдрахманова: Ақпараттың шамадан тыс көп болуы (information overload) адамның шынайы қалауына назар аударуына айтарлықтай кедергі келтіреді. Когнитивті психология саласындағы зерттеулерде (Eppler & Mengis, 2004) дәлелденгендей, артық ақпарат миға түсетін жүктемені күшейтіп, оны өңдеу қабілетін әлсіретеді, соның салдарынан шешім қабылдау қиындайды. Мұндай құбылыс ғылымда «decision fatigue» – шешім қабылдаудан шаршау деп аталады. Ол адамның нақты мақсаттарынан алшақтап, сыртқы ықпалдарға тәуелді болуына әкеледі.
Ақпараттың үздіксіз ағыны адамның ішкі уәжін естіртпей, назарын сыртқы тітіркендіргіштерге бұрады. Соның нәтижесінде адам өз қалауына емес, қоғам немесе медиа ұсынған «модаға» не «трендке» еріп кетуі мүмкін.
Осы себепті шынайы қалауды айқындаудың маңызды шарты – ақпаратты саналы түрде сүзгіден өткізу, уақытша медиадетокс жасау және рефлексияға арнайы уақыт бөлу. Бұл дағдылар адамның артық деректер арасынан өзіне қажет нәрсені ажыратып, ішкі дауысын анық естуіне мүмкіндік береді.
El.kz: Жасанды интеллект дәуірінде адамдарға қандай дағдыларды жоғалтпау маңызды?
Сымбат Абдрахманова: Жасанды интеллект дәуірінде адамдар үшін жоғалтпай дамытуы қажет басты қабілеттер – тек адамға тән когнитивті және әлеуметтік дағдылар. OECD (2021) және World Economic Forum (2023) деректері бойынша, технология дамыған сайын еңбек нарығында ең жоғары сұраныс мына қасиеттерге артып отыр:
Бұл қабілеттерді сақтап қана қоймай, оларды тұрақты түрде жетілдіру – жасанды интеллектпен қатар өмір сүріп, өз орныңды табудың негізгі кепілі.
El.kz: Өз бағытын әлі таппаған, бірақ іздеуден шаршаған адамдарға не айтасыз?
Сымбат Абдрахманова: Өз бағытын әлі таппаған, бірақ ұзақ ізденістен шаршаған адамдарға айтарым – бұл қалыпты жағдай. Мұндай күйді психологияда «ізденіс дағдарысы» деп атайды. Ол – адамның өзін тану мен дамуының табиғи кезеңдерінің бірі. Marcia (1993) зерттеулерінде дәл осы кезеңнен кейін көп жағдайда айқын мақсаттар мен ішкі сенімділік пайда болатыны айтылған.
Осындай сәттерде өзіңізге қысым көрсетпей, уақытша тоқтап, тынығып, ішкі ресурстарыңызды қалпына келтіру маңызды. Бәрін бірден шешуге тырысудың қажеті жоқ – кішкентай қадамдардан бастаңыз: қуаныш сыйлайтын істермен айналысыңыз, жаңа тәжірибе алыңыз, бірақ асықпаңыз.
Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы «Сабыр түбі – сары алтын» деп, шыдамдылық пен уақыттың құндылығын еске салады. Ал Шәкәрім Құдайбердіұлы «Асықпа, ақырын жүріп анық бас» деп, әрбір қадамды ойланып жасаудың маңызын атап көрсетеді.
Кейде өмірлік бағыт күтпеген сәтте ашылуы мүмкін. Ең бастысы – ізденісті мүлде тоқтатпау және өзіңізге мейіріммен қарау.
El.kz: Өмірлік GPS-ті «қосып», адаспай жүру үшін адамға қандай тұрақты әдеттер немесе қабілеттер керек? Және бұл қабілеттер дәл бүгінгі таңда қалай өзгеріп жатыр?
Сымбат Абдрахманова: Өмірде адаспай, дұрыс жолды табу үшін әр адамға кейбір әдеттер мен дағдылар керек. Мамандардың айтуынша (Covey, 1989; Goleman, 2013; OECD, 2023), ең бастысы – өзін жақсы тану. Яғни, өз сезімдеріңді, ойыңды, өмірде не маңызды екенін түсініп, соған қарай бағыт түзету.
Сонымен бірге, мына дағдылар өте қажет:
Қазір бұл дағдылардың мәні өзгеріп келеді.
Қысқасы, қазіргі заманда адаспай жүру үшін өзіңді түсіне білу, мақсат қоя білу және үнемі дамуға дайын болу – ең маңызды жолсерігің.
El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет!