Өмірге деген құштарлық

14 Қаңтар 2017, 10:01 10243

Тағдырмен бетпе-бет

«Тағдыр салды, мен көндім». Бұл – әлсіздің ісі. Ал өмірге құштар, тірлікке мығым адам бетпе-бет келгенде тағдырдың өзі тайқып шығады. Тіршілікке бас көзімен емес, тек жүрек көзімен ғана қарауға мүмкіншілігі бар Ербол Сейітқұлов 4 жасында қызылша ауруына шалдығып, қос жанарынан айрылған. Құлағы да нашар естиді. Соған қарамастан өмірге деген құштарлық оны үнемі биік мақсаттарға жетеледі. Бір кездері туысы да, танысы да жоқ Алматыға жалғыз өзі жұмыс іздеп келген зағип жан  бүгінде білдей бір кәсіптің иесі, ұйыған отбасының тірегі. Қазір ол медициналық үзіп емдеу орталығының директоры.

Үлгі көрсету – айтуға ғана оңай. Мен бұл медициналық үзіп емдеу орталығын 2010 жылдың 27 -ші желтоқсанында аштым. Оған дейін ұзақ жылдар кванттық медицина орталығында жұмыс істеген едім. Енді мұнымен не айтуға болады? Бұл орталықты ашу барысында тек халыққа қызмет көрсетіп қана қоймай, көп адамдарды жұмыспен қамтуға тырыстым. Ең бастысы кейінгі ұрпаққа үлгі көрсеттім деп ойлаймын».

Айтуға оңай әрине. Кейіпкеріміз осы деңгейге жету үшін аз еңбектенген жоқ. Бірінші емдеу орталығын 2004 жылы ашып, жалғыз өзі медициналық массаж жасау қызметін қолға алды. Ол тұста зағип жанның уқалау қабілеті мен көрсетер қызметіне күдікпен қарағандар әрине көп болатын. Оның үстіне жаңа кәсіп ашудың құжаттық машақаты да жетіп артылады.

Алға қойған мақсатымызға жету үшін президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдаған едік. Хатымызға жауап алдық «көмек көрсетілсін» делінген. Содан кейін барлық жағынан бізге жеңілдіктер жасалды».

Бұған дейін Ербол жарымен бірге «Бақыт өз қолыңда» қоғамдық қорын құрған еді. Мұндағы мақсат – өздеріндей мүмкіндігі шектеулі жандарды тірлікке бейімдеп, өмірге ынталандыру. Ал Елбасының жауап хатынан кейін Республикалық медициналық колледжден үзіп емдеу мамандығы ашылған. Оны жыл сайын 16 адам бітіріп шықса, соның бірқатары Ерболдың орталығында жұмыс істейді.

Асанәлі Әжібайұлы, жас маман: Білесіздер ме, ол сондай ғажап адам, рухы биік жан. Тек алға ғана ұмтылады. Меніңше, бұл кісі кедергілерді, қиындықтарды мүлде елемейтіндей көрінеді. Оларды аттап өтеді, сосын тек алға ғана жүреді және бұрылған бағытынан таймайды.

Бұл басшыны мақтау емес, әріптестің шынайы бағасы. Өйткені Ербол Сейітқұлов өзін үнемі серіктерімен тең ұстайды. Мұндай қасиет кез-келген ұжымның жұмысына серпін берері сөзсіз.

Жалпы, зағиптардың саусақтары сезімтал келеді. Жауырыны құрысып, желке тұсы сірескен, иығы ашып, белі сыздаған жандардың мазалаған жерін дәл табады. Сол себепті уқалап емдеу арқылы көру, есту қабілетінің төмендігі кедергі болмайды. Кейіпкеріміздің ең алдымен зағип жандарды жұмысқа алатыны да сондықтан.  Екіншіден, мүгедектерді жұмыспен қамтыған жағдайда, үкімет медициналық орталыққа әжептәуір жеңілдік жасайды.

Қазір Ербол Сейітқұловтың Алматыдағы медициналық үзіп емдеу орталықтарының саны үшеуге жеткен. Бұл – кәсібінің жүйелі жолға түскенін білдірсе керек. Бірақ сонда да ол сүйікті жұмысынан қол үзгісі жоқ. Күніне шамамен 7-8 адам қабылдайды. Өйткені оның алға қойған үлкен мақсаты бар.

Менің мақсатым осындай орталықтарды бүкіл Қазақстан аймағынан ашу. Екі жылдан кейін тағы бір келсеңіз, менің сол күнге жетіп, қуанып отырғаныма куә болуыңыз ғажап емес».

Иә, әбден мүмкін. Себебі ол «мүмкіндігі шектеулі» деген ұғымның өзі үнемі тұрақты бола бермейтінін дәлелдеді. Бүгін 30  шақты адамды жұмыспен қамтыса, ертең олардың саны жүзге, тіпті мыңға көбеюі мүмкін. Өз мақсатына жете білетін адамға өмірдің небір ащы сынақтары да тосқауыл бола алмайды.

Жазира Берғалиева
Бөлісу: