Өмірден өткен Бердібек Сапарбаев ел есінде несімен есте қалды?

12 Маусым 2023, 10:15 1649

Күні кеше халық қалаулылары көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевты ақтық сапарға шығарып салды. Ел есінде 5 облысты басқарған әккі әкім, сыр бойынан шыққан салиқалы саясаткер және елге еңбек еткен ерен ер ретінде қалды деп жатады. Біз осы орайда Бердібек Машбекұлының саяси-қоғамдық алаңда жүріп өткен жолы мен өмір иірімдеріндегі қызықты сәттерін еске түсіруді жөн көрдік.

Ол  1953 жылы Қызылорда облысының Бесарық ауылында дүниеге келген. Кейін 1977 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «экономист» мамандығы бойынша тәмамдайды. 1977-1988 жылдар аралығында Қазақ КСР Қаржы министрлігінде жұмыс істеді. Алдымен экономист, содан кейін аға экономист, жетекші, бас экономист, бөлім бастығының орынбасары болады.

Содан кейін білім министрінің орынбасары, президент және министрлер кабинеті аппаратының басшысы, Еңбек және әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары сияқты қызметтерді атқарады.

Әкімдік пен министрліктегі қызметі

Өмір бойы мемлекеттік қызметте болған Бердібек Сапарбаев Қазақстан тарихында 5 облысты басқарған алғашқы қайраткер. Ол алғаш рет әкім болып 1995 жылғы қыркүйекте тағайындалады. Сол кезде 42 жастағы Бердібек Машбекұлы туған өлкесі Қызылорда облысына басшы болып барады.

Сыр елінде 4 жыл қызмет етіп, 1999 жылдың шілдесінен сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалады. Ол онда 2002 жылдың тамызына дейін қызмет атқарады.

Осыдан кейін ол Үкіметке ауысып, алдымен кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, содан кейін Қаржы вице-министрі, премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары, экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі болып, 2007 жылғы тамыздан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымына тағайындалды. Осылайша 54 жасында алғаш рет министр болып жұмысқа кіріседі.

Алайда кейін 2 жылдан кейін қайта әкім болып кетеді. Бұл жолы Шығыс Қазақстан облысының басшысы болып тағайындалады да, ел шығысында 5 жыл қызмет атқарады.

Шығыс Қазақстан облысын басқаруға барғанда Өскемен қаласына өзі іскерлігіне көзі жеткен Ислам Әбішті астанаға вице-министр болып бара жатқан жерінен шақырып алып, әкім етіп тағайындады.Еңбек десе ешқандай сағатқа қарамай жұмыс істейтін екі тарлан Шығысқа шырай кіргізіп, Өскеменді өскелең қалаға айналдырды. «Красный Восток» атанған қалада ешкім істемек түгілі, ойларына да алып көрмеген коммунизм көсемі Лениннің облыс әкімдігі алдындағы ескерткішін алып тастап, асқар Алтай төріне асқақтатып, ұлы Абайдың алып ескерткішін тұрғызды, - дейді депутат Қазыбек Иса.

Ол әкім Бердібек Сапарбаев Өскеменде  Орта Азиядағы ең еңселі мешіт салғанын да еске алды. Алтай бөктеріне Еліміздегі ең биік Ту тігілді. «Шығыс Шынары» халықаралық мүшәйрасы төрт жыл дүрілдеп өтті деп айтты.

Қазақтың бүкіл ақын-жазушылары Асқар Алтайды жырлап кетті. Қадыр, Тұманбай, Исраил, Темірхандар бастаған шайырлар Ертістің толқынымен толқып тұрып жыр оқыды. Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмәділдің «Шығысқа алдымен Абай келді. Одан соң Абайдың інілері, қазақтың ірілері келді» деп шалқып сөйлетіні осы кез еді, - дейді депутат.

Осыдан кейін бір жылға үкіметке қайта оралып, 2015 жылы ел батысына аттанады. Сөйтіп зейнет жасына бір жыл қалғанда Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысының әкімі қызметіне келеді.

Ел батысында 4 жыл қызмет етіп, 2019 жылы қайтадан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымына тағайындалып, Үкімет басшының орынбасары болып жұмыс істеп үлгереді.

Дегенмен 2020 жылғы 10 ақпанда осымен 5-ші рет әкімдік жұмысқа тағайындалады. Осылайша 67 жастағы, зейнеткер Бердібек Машбекұлы Жамбыл облысының әкімі болып қызмет етеді. Ол бұл қызметті 2022 жылғы 7 сәуірге дейін атқарып, отставкаға кетеді.

Есте қалған сәттері

Қазақстанның саяси аренасында 45 жыл жүрген Бердібек Сапарбаевтың істеген істері мен айтқан сөздері ел есінде қалғаны анық. Сондай сәттердің бірнешеуін Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса еске алады.

Бердібек Сапарбаевтың Оңтүстіктегі оңды жұмысынан ол кісінің ел аузында қанатты сөзге айналып кеткен. «Ер екеніңді білейін, Шымкентті басқарып көрші» деген сөзі қалды. Ал Ақтөбе облысында  әкім болып тұрғанда мұнайымызға қолын майлаған қытайлар облыс әкімі қатысқан үлкен жиналыста аудармашысымен қосылып, қазақ жеріндегі жиында  қытай не орысша сайрап жатқанда тоқтатып қойып: «Қазақстанда мемлекеттік тіл - қазақ тілі! Қазақ тілінде сөйлеу керек! Қытайда қытай тілінде сөйлемеуге бола ма?!!» деп тыйып тастағанда, ел бір серпіліп қалған еді, - деп жазады депутат.

Осындай халық арасында қалып, БАҚ пен әлеуметтік желіде кең тараған сәттерін еске алып көрейік.

Меншігімде Астанада үйім бар, көлігім бар. Одан кейін немерелерім. «Мына Сапарбаев бес облысты басқарған шіріген бай» деп ойлайтындар бар шығар. Егер мен шіріген бай болсам, бес облысты басқармас едім. Онда маған сенім болмас еді.  Әр уақытта «құдайға шүкір», «тәубә» деп  айтамын. Мүмкін, сол тазалығым шығар. Егер мен таза болмасам, осындай жасымда бесінші облысқа әкім қылып жібермейді ғой. Мемлекет басшысы осының бәрін есептеп, сенім артқан шығар, - дейді өзі туралы.

Менің балам да адам. Оның өз отбасы бар. Мемлекет дамуына үлес қоссам деп жүр. Қазір Астана қаласының әкімдігінде жұмыс істейді. Әрине балам болғаннан кейін оған ақылымды айтып, кеңес беремін. Ең бірінші адал жұмыс істеу керегін, ел мүддесін жоғары қоюды, халық алдында кіші болуды айтып отырамын. Ізімді жалғастырушы жалғыз ұлымнан адами қасиеттен айрылмауды сұраймын, - дейді өзінің ұлы жайында.

Кезінде білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің де ізіне шам алып түскенін ешкім ұмыта қоймаған болар.

Еліміздің жоғарғы оқу орындарын Бас прокуратураға жаппай тексертемін. Саналы студент емес, болашақ жұмыссыздарды әзірлеп жатқан  университеттер мен колледждердің есігіне қара құлып салынады. Облыстарды айтпағанда, Астанадағы мақтаулы екі оқу орнын көріп ұялдым, – деген болатын Бердібек Машбекұлы.

Егер мен әлеуметтік желіде жұмыс істейтін болсам қазіргі жұмысымның жартысын тастауым керек болады. Шынында уақытым жоқ. Өзім кешкі 21:00-ге дейін жұмыста болып, үйге түнгі 22:00-де келемін. Кейіде түнгі 00:00-ге дейін жұмыс істеймін. Себебі өзімнің аяқталмай қалған жұмыстарым болады. Содан соң мен түнгі 02:00-ге дейін әлеуметтік желілерде отыратын болсам, қай кезде мен демаламын?!, - деген еді министр болған тұста.

Көптеген жастар ауылға барып, жұмыс істегісі келмейді. Жалақысы аз дейді. Аздан бастау керек. Егер сен жақсы жұмыс істеп бүгін 50 мың теңге алсаң, ертең 60 мың теңге алатын боласың. Енді бәріміз де жас болдық, бәріміз де солай бастадық қой. Ешкім бірден бастық болып 200-300 мың теңге алған жоқ. Барлығы бірден келмейді ғой. Мен де «грузчик» болдым. Өйткені маған жанұямды асырау керек болды, - деп еске алған еді жастық шағын.

Ең негізгісі кейбір адамдар көзіңше мақтайды, былай шыққан соң артыңнан даттайды. Одан кейін адамдардың маған деген сенімі. Ол мен әкім болайын, басқа болайын. Сол маған деген сенімнен айырылып қалам ба деп қорқамын. Одан кейін балаларды ойлайсың, өмірдің тәттісін де, ащысын да көрдім. Кезінде балам қайтыс болды, сол жағын ойлап, осылардың бәрі аман болса екен деп алаңдайсың, - деген еді өз қорқынышы жайында.

Бұрын отбасыма көп көңіл бөлген жоқпын. Олармен бірге бір жаққа шығып демалған емеспін. Екіншіден, денсаулығымды сақтау үшін спортпен айналысуым керек. Қазір ең кемі 15-20 км жүремін. Туысқандарымның жиындарына да барған емеспін. Қазір соның бәрін қайтарып жатырмын, - деген еді соңғы сұхбаттарының бірінде.

Бердібек Машбекұлы 45 жылғы мемлекеттік қызметтегі жұмысы осындай жарқын сәттермен есте қалған екен. Халық пен билік арасында «Кризис менеджер» атанған тау тұлғаның ұзақ жылғы еселі еңбек жолында лауазымды қызметтерді абыройлы атқарып, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өркендеуіне және өңірлерді дамытуға мол үлес қосты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та оның еңбегін жоғары бағалады. Қаралы жиында премьер-министр Әлихан Смайылов Тоқаевтың көңіл айту хатын оқып берді.

Бердібек Машбекұлы ұзақ жылғы еселі еңбек жолында лауазымды қызметтерді абыройлы атқарып, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өркендеуіне және өңірлерді дамытуға мол үлес қосқан еді. Мемлекетіміздің сындарлы саясатын үлкен біліктілікпен жүргізе біліп, Қазақстанның беделі мен мәртебесінің арта түсіне қажыр-қайратын жұмсады. Азаматтық қадір-қасиетімен ел ішінде құрметке бөленді. Соңына өшпес із қалдырған Бердібек Машбекұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, - делінген Тоқаевтың көңіл айту хатында.

Әзиз ӘБІШ
Бөлісу: