«Өмірде көп нәрсе ұқтым». Прокурор Айжан Аймағанова желідегі оқырмандарына үндеу жасады

19 Сәуір, 15:50 2565

Қуандық Бишімбаев ісін қарап жатқан мемлекеттік айыптаушы прокурор Айжан Аймағанова желідегі оқырмандарына алғыс айтып, болып жатқан оқиғаларға немқұрайлы қарамауға шақырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Прокурор Айжан Аймағанова сот отырысы басталған сәттен бастап халықтың ыстық ықыласына бөленген. Әлеуметтік желідегі парақшасына 240 мыңға жуық оқырман жазылған. Ол алғаш рет жазба жариялап, ойын бөлісті.

Қайырлы күн! Менің аккаунтымды көпшілікке жария ете отырып, көптеген адамдар маған жазылады деп ойлай алмадым. Тек жалған аккаунттардан аулақ болғым келді. Бұл менің әлеуметтік желілердегі жалғыз парағым, менде тик-ток жоқ. Менің студенттік кезімнен @zhakiti аккаунтым бар, осыған орай осындай атау алды. Қазір прокуратура қызметкері ретінде маған жүктелген барлық жауапкершілікті түсініп, бар аккаунтты @aimaganova_a деп өзгертуге және қоғамға ашық әрі пайдалы болуға шешім қабылдадым, - деп жазды ол.

Қазіргі жағдайда өзге әріптестері секілді желіде белсенді бола алмайтынын атап өтті.

Мен сіздердің қолдауларыңыз, кеңестеріңіз, қамқорлығыңыз үшін әрқайсыңызға алғыс айтқым келеді! Өмірде қолданатын көп нәрсе ұқтым. Бір айтып кететін жағдай: адам болып өмірге келген соң адам болу - міндет. Сондықтан болып жатқан істерге бей-жәй қарау – бір сүйкімсіз адами қасиет. Ең бастысы- жүрекпен сезініп, жақсы ниетіңді аямау. Жан-жақтағы болып жатқан оқиғаларға немқұрайлы қарамайық, қол үшін беріп көмектесейік.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: