Өмір жасын ұзартатын 4 спорт түрі

31 Шілде 2017, 17:14 9635

Қай спорттың қандай пайдасы бар?

Спортпен шұғылдану сіздің денсаулығыңызды жақсартып қана қоймай, күйзеліске қарсы тұруға, қатерлі ісіктің алдын алуға ықпал етеді. Ғалымдар арнайы зерттеу жүргізіп, қай спорт түрі денсаулыққа қаншалықты пайда әкелетінін анықтаған еді.

Сонымен, әр түрлі спорт денсаулыққа әр қалай әсер етеді екен. Оған 1994 пен 2008 жылдар аралағында жүргізілген еуропалық және австралиялық ғалымдардың зерттеуі дәлел. Бұл зерттеуге 30 жастан жоғары 80 мың адам қатысты. Олар 14 жыл бойы белгіленген жаттығуларды жасап тұруға міндеттелді.

1. Теннис немесе бадминтон

Теннис, сквош, бадминтон секілді ракеткалы ойындар адамның жүрек жұмысын жақсартып, өкпе мен бұлшықеттің белсенді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Бұл спорт түрлері басқа ойындарға қарағанда жүрек-қантамырлары ауруларынан туындайтын өлім қаупін 56 %-ға төмендеткен.

Ракеткалы ойындар физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық жағынан да денсаулыққа өте пайдалы.

(Доктор Чарли Фостер, Оксфорд университетінің профессоры)

2. Аэробика

Аэробикаға би, гимнастика, спорттық жүріс секілді спорт түрерін жатқызамыз. Ғалымдардың сөзінше, бұл спорт түрлері жүрек-қан тамырлары ауруларынан туындайтын өлім қаупін  36 %-ға төмендетеді.

Біздің зерттеуіміз көрсеткендей, денсаулыққа пайда әкелетін спорт түрлерімен шұғылдану керек. (Эммануэль Стаматакис, Сиэтл Университетінің доценті)

Аэробиканың айырмашылығы – жас талғамауында. Яғни, ересектер де, жастар да аэробикамен айналыса берсе болады. "Егер велосипед айдауға немесе би залына баруға уақыт таппасаңыз, ұзақ жүріп серуендеңіз" – дейді ғалымдар.

3. Суда жүзу спорты

Суда жүзу спорты барлық бұлшықеттердің белсенді қимылдауын қамтамасыз етіп, буындарға демалыс береді. Гарвард ғалымдарының пайымдауныша, артық салмақтан арылтып, жүрек-қантамырлар жүйесінің қалыпты жұмыс жасауын қамтамасыз етеді. Жарақат алғандар немес ауыр отаны бастан өткергендер суда жүзумен айналысса, тез оңалуға мүмкіндіктері мол.

Суда жүзу спорты жүрек қантамырлары ауруынан туындайтын өлім қаупін 41 %-ға сейілтеді.

4. Велоспорт

Велосипед айдау іштің, қол мен иық бұлшықеттерінің белсенді жұмыс жасауына көмектесіп, буындардың иілгіштігін жақсартады дейді ғалымдар. Сондай-ақ, үздіксіз тепкіні айналдыру эндорфинді (бақыт гормоны) туындатады.

Велоспортпен шұғылдану өмірді 15%-ға ұзартып, жүрек-қантамырдар ауруларын төмендетіп, қатерлі ісіктің алдын алады.

Еуропалық және австралиялық ғалымдардың айтуынша, кез келген физикалық жүк сіздің денсаулығыңызға бір пайдасын тигізеді екен. Осы зерттеуге қатысқан барлық адамдардың жүрек-қантамырлар ауруынан туныдайтын өлім қаупі 28% -ға төмендеген.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: