Қазақстанда суицид мәселесі әлі күнге дейін ашық талқыланбайды. ДДҰ мәліметтері бойынша еліміз 100 мың адамға шаққандағы суицид көрсеткіші бойынша әлемде алғашқы ондықта тұр, әсіресе 15-25 жас аралығындағы жастар арасында бұл көрсеткіш өте жоғары. Бұл – тек статистика емес, әр санның артында «мені ешкім түсінбейді» деген сезіммен жалғыз қалған адам тұр.
Бұл статистика тек сан емес, әр санның артында өмірін қиған адам және онымен бірге «неліктен көмектесе алмадық?» деген сұраққа тап болған отбасы, достары тұр.
Әсіресе Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі жыл сайын өзектілігін жоғалтпай келеді. 2025 жылы құқық қорғау органдарының мәліметінше, жыл басынан бері балалар мен жасөспірімдер арасында 432 суицидтік жағдай тіркелген. Бұл көрсеткіштерге аяқталған фактілер де, медициналық мекемелер мен мектептерде тіркелген әрекеттер де кіреді. ЮНИСЕФ өз есептерінде шынайы ауқым бұдан да жоғары болуы мүмкін екенін атап өтеді.
Статистика сондай-ақ өңірлік айырмашылықтарды да көрсетеді. Ең көп жағдайлар ірі қалалар мен тығыз қоныстанған өңірлерде тіркеледі, мұнда оқушылардың стресс деңгейі жоғары әрі отбасылық қолдау төмен. Ауылдық жерлерде көрсеткіштер төмен болғанымен, ол жақта ұзаққа созылған депрессия немесе әлеуметтік оқшаулану жағдайлары жиірек байқалады, бұл да қауіп тудырады.
Суицидтің «жұқпалы» сипаты бар
Адам өзін жалғыз сезінгенде, басқалардың да солай істегенін көргенде («бәрі солай жасайды ғой» деген иллюзия) шешім қабылдауы оңайырақ болады. Керісінше, «мен жалғыз емеспін, менің азабымды біреу түсінеді» деген сезім өмірді сақтап қалуы мүмкін.
Кәсіби көмекке қолжетімділік әлі төмен
Елімізде психотерапевттер саны халыққа шаққанда өте аз (100 мың адамға 5-6 психиатр ғана). Ауылдық жерлерде тіпті нөлге тең. Сондықтан алғашқы қолдауды көршілер, достар, мұғалімдер, әріптестер беруі тиіс.
Ұят және стигма
«Психологқа бардым» деген сөзді көбі «мен есалаңмын» деп қабылдайды. Осы стигманы жою – қоғамның міндеті.
Психоанализ тұрғысынан алғанда, адамның өмірге немесе өлімге ұмтылысы кездейсоқ құбылыс емес. Психоанализ бағытындағы психолог Мейіргүл Бимағамбетованың айтуынша, Фрейд енгізген эрос (өмірге құштарлық) және танатос (өлімге ұмтылыс) ұғымдары адамның ішкі әлеміндегі негізгі күштерді сипаттайды. Бұл екі бағыттың арақатынасы адамның ерте жастан бастап қалыптасатын эмоционалдық тәжірибесіне тікелей байланысты.
Психоанализде баланың өмірінің алғашқы кезеңі, әсіресе анамен қарым-қатынасы, оның ішкі «жақсы» және «жаман» объектілерінің негізін қалайтынын айтады.
Егер бала өмірінің алғашқы кезеңінде көбірек жылы сөз, махаббат, қамқорлық сезініп өссе, оның ішкі әлемі жақсы объектілерге толады. Ал керісінше, ұзақ аш қалу, жылауының еленбеуі, жайсыздық сияқты жағымсыз тәжірибелер басым болса, адамның ішкі құрылымында жаман объектілер басым болады. Бұл кейін ересек шақта өмірге деген құштарлықтың төмендеуіне, үмітсіздікке, тіпті суицидтік ойларға бейімділіктің артуына әкелуі мүмкін, – дейді психолог Мейіргүл Бимағамбетова.
Сезімді құнсыздандырмау
«Өмір керемет», «бәрі жақсы болады», «ойлама» деген сөздер көмектеспейді, керісінше адамды одан сайын жалғыз сезіндіреді. Психоанализде ең алдымен күзелісті мойындау керек: «Иә, саған қазір өте ауыр. Мен сенің қайғыңды көріп тұрмын. Сен жалғыз емессің» десе, бұл – адамның ішкі жаман объектісінің дауысын бірте-бірте бәсеңдетудің басы.
Шынайы қауіп кезінде ең маңыздысы оны жалғыз қалдырмау, жанында болу, қолын ұстау, құшақтау сияқты қарапайым физикалық қолдау да өмірді сақтап қала алады. Өйткені тірі адаммен байланыс – өлімге құштарлықтың ең күшті тежегіші, – дейді.
Психоанализ бағытындағы психолог Мейіргүл Бимағамбетова өзінің тәжірибесінде суицидтік ойлармен келген клиенттер көп екенін айтады.
Біз олардың сезімдерін құнсыздандырмаймыз «бәрі жақсы болады» деп үстірт жұбатпай, керісінше, қайғысын мойындаймыз. Науқастың сезіміне куә болу, оны жоққа шығармау – терапияның алғашқы және ең маңызды кезеңі. Клиент өз қайғысының шынайылығын көріп, соны бөлісе алатынын сезгенде, оның ішкі әлемінде алғашқы құрылым қалыптаса бастайды, – дейді ол.
Яғни, психологтың сөзінше, барлығы қарым-қатынасқа байланысты. Тірі адамдармен тірі байланыс арқылы ғана өлімнен құтқаруға болады деп есептейді.
Мектеп – балалар көп уақыт өткізетін орта. Сондықтан бұл жерде психологиялық қызметтің сапасы шешуші мәнге ие. Алайда көптеген өңірлердегі психологтар саны жеткіліксіз, жұмыс жүктемесі тым көп, ал ата-аналар қауіп белгілерін дер кезінде байқамай жатады.
Қоғамдық ұйымдар, жастар орталықтары, волонтерлік қозғалыстар да өз үлесін қосып келеді:
Көптеген жағдайларда ата-аналар баланың ішкі күйзелісін байқамай қалады. Бұл стигма жасөспірімдерді үндемей жүруге итермелейді.
Психологтар ата-аналарға:
Психоанализ суицидтік ойлардың түбінде адамның ішкі әлемінде ерте жастан қалыптасқан «жақсы» және «жаман» объектілердің күресі жататынын айтады. Бала кезінен қоршаған ортамен, әсіресе ата-анасымен қауіпсіз, жылы қарым-қатынас орнатқан адамның ішкі әлемінде өмірге құлшыныс басым болады. Ал керісінше, ерте кезеңдегі жоғалту, көңіл қалу, қамқорлықтың жетіспеуі кейін өмірге деген сенімсіздік пен үмітсіздіктің негізін қалайды.
Суицидтік ойлар күшейген кезде адамды осы күйден шығаратын ең маңызды фактор – оның жалғыз еместігін сезіндіретін тірі қарым-қатынас. Жақынның жанында болуы, оның сезімін жоққа шығармай, шынайы мойындауы, қолдауы – өлімге құштарлықты әлсірететін ең қуатты күш. Психоаналитикалық тәжірибеде адамның ауыр сезімдерін контейнирлеу, яғни оларды қауіпсіз ортада бірге көтеріп, өңдеп қайтару арқылы ішкі тірек қайта қалыптасады. Осылайша адам біртіндеп өмір сүруге күш табады, Эростың энергиясы күшейіп, Танатос әлсірейді.
Демек, суицидтің алдын алу жеке адамның ішкі әлемін ғана емес, оның қарым-қатыныс қоғамдағы қолдау жүйесін де қамтитын кешенді жұмысты талап етеді. Өмір сүруге себеп – адамның өз жанында емес, көбіне басқамен байланысында.