12.09.2025
15:18
502
Өмір сүру ұзақтығын арттыратын алты спорт түрі анықталды

Өмір сүру ұзақтығын арттыратын алты спорт түрі анықталды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әр ересек адамға аптасына 150-300 минут жеңіл немесе орташа қарқында белсенділікпен айналысуға кеңес береді. Бұл – қалыпты тыныс алып, шамадан тыс шаршатпайтын деңгей. Ал егер жаттығулар қарқынды болса, онда 75-150 минут жеткілікті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Алайда соңғы зерттеулерге сүйенсек, бұдан да көбірек қимылдаған пайдалырақ. Мәселен, 116 мың адамның қатысуымен жүргізілген ірі ғылыми жұмыста аптасына 300-600 минут жеңіл қимылдаған немесе 150-300 минут қарқынды жаттыққан адамдардың ұзақ өмір сүру мүмкіндігі айтарлықтай жоғары болғаны анықталды. Яғни спорттың кез келген түрімен тұрақты айналысу денсаулыққа оң әсер етіп, өмірді ұзартады.

Қай спорт түрлері өмірді ұзартуға көбірек әсер етеді?

Ғалымдар жылдар бойы адамдардың өмір салтын бақылап, спорттың өлім-жітім деңгейіне, әсіресе жүрек-қан тамырлары ауруларынан көз жұму қаупіне қалай ықпал ететінін зерттеп келеді.
Айта кету керек, сөз кәсіби спорт емес, қарапайым адамдардың денсаулық үшін жаттығуы туралы болып отыр.

Теннис пен бадминтон

Ракеткамен ойналатын ойындар нағыз «өмір эликсирі» болуы мүмкін. Зерттеулер көрсеткендей:

  • мұндай жаттығулар кез келген себептен қайтыс болу қаупін 47%-ға,
  • жүрек ауруларынан болатын өлім қаупін тіпті 59%-ға төмендетеді.

80 мыңнан астам адамды қамтыған зерттеуде ең үлкен пайдасы жаттығуды өзін қинамай, қалыпты деңгейде ойнағандарда байқалған.

Ал әйгілі Копенгаген жүрек зерттеуі мүлде сенсациялық деректер келтіреді: бұрын белсенді болмаған адам теннис ойнай бастаса, өмірін орта есеппен 10 жылға, ал бадминтон 6 жылға ұзарта алады екен.

Велосипед тебу

Велосипед айдау – тіпті жайбарақат, қысқа қашықтық болса да, денсаулыққа пайдасын тигізіп, өмірді ұзарта түседі.

Копенгаген жобасының деректеріне сүйенсек, тұрақты түрде велосипед тепкен адамдар педаль баспағандарға қарағанда шамамен үш жылға ұзақ өмір сүрген.

Басқа зерттеулер көрсеткендей, аптасына бар болғаны 3 сағат баяу қарқында (16 км/сағ-тан төмен) айдау өлім қаупін 11-15%-ға азайтады. Ең қызығы, велосипедтің пайдасын қарт адамдар жастарға қарағанда көбірек көрген.

Фото: Артем Чурсинов, El.kz 

Жүзу

Жүзу жүрекке де, бұлшықетке де тамаша жаттығу. 2017 жылғы зерттеу нәтижесі бойынша:

  • жүзушілердің жалпы өлім қаупі 28%-ға,
  • жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болу қаупі 41%-ға төмен болған.

Ал Копенгаген зерттеуі жүзуді тұрақты әдетке айналдырғандардың өмірі орта есеппен үш жылға ұзаратынын анықтаған.

Жүгіру

Қысқа қашықтыққа жүгірудің өзі жеткілікті. Он бес жыл бойы 55 мың адамның өмір салтын талдаған ғалымдар:

  • жүгіру жалпы өлім қаупін 30%-ға,
  • жүрек ауруларынан болатын өлімді 45%-ға төмендететінін анықтады.

Күніне небәрі 10-15 минут жеңіл жүгіру өмірді орта есеппен үш жылға ұзарта алады.

Фото: Бауыржан Жуасбаев, El.kz 

Аэробика және фитнес

Топтық аэробика мен фитнес сабақтарының пайдасы ерекше. Зерттеу нәтижесінде:

өлім қаупі 27%-ға,

жүрек-қан тамырлары ауруларынан өлім қаупі 36%-ға азайған.

Ғалымдар мұнда әлеуметтік байланыстардың да маңызы зор екенін атап өтті: адамдар бірге жаттыққан сайын, араласқан сайын спорттың оң әсері арта түседі.

Орташа күш жаттығулары

Бұл жерде тепе-теңдік маңызды. Аптасына 30-60 минуттық күш жаттығулары өлім қаупін 10-17%-ға азайтады. Бірақ шамадан тыс жаттығу пайдасын жойып жіберуі мүмкін.

Ең тиімді нұсқа – күш жаттығулары мен аэробиканы біріктіру. Мұндай жағдайда өлім қаупі 40%-ға дейін төмендейді. Сол себепті ДДСҰ аптасына кемінде екі рет негізгі бұлшықет топтарын жаттықтыруды және міндетті түрде кардиомен толықтыруды ұсынады.

Ал кәсіби спорт ше?

Бұл жерде жағдай күрделірек. Себебі кәсіпқой спортшылардың өмір жасына стресс, қатаң режим, жарақаттар әсер етеді.

95 мыңнан астам спортшыны қамтыған зерттеу мынадай мәліметтерді көрсетті:

  • +8 жыл – гимнастика, сырықпен секіру;
  • +6 жыл – семсерлесу, нысана ату;
  • +5 жыл – жеңіл атлетика, крикет, ракеткалы спорт түрлері;
  • +2-4 жыл – есу, шаңғы, суға сүңгу.

Ал ауыр атлетика, баскетбол, футбол және кейбір жекпе-жек түрлері өмірді ұзартуға айтарлықтай ықпал етпеген, тіпті кейде қысқартып жіберген жағдайлар да болған.

Бір қызығы: әйелдер арасында спорттың пайдасы орасан деп айта алмайсың. Гольф пен теннис түрлерінде ғана орта есеппен +2-3 жыл өмір қосылған. Бірақ зерттеуге қатысқан әйелдер саны тым аз болғандықтан, нақты қорытынды жасау қиын.

Фото: El.kz 

Спорт зиян келтіруі де мүмкін бе?

Иә, мұндай пікір де бар. Кең ауқымды зерттеулер әрқашан себеп пен салдарды ажырата бермейді. Мысалы, ұзақ өмір сүрген адамдар спортпен айналысқаны үшін емес, бастапқыда денсаулығы мықты, тамағы дұрыс, зиянды әдеттері аз болғаны үшін ұзақ жасаған болуы мүмкін.

Мұны нақтылау үшін ғалымдар 22 мың егізді зерттеген. Нәтижесінде тым аз қимылдайтындар да, шамадан тыс белсенділер де орташа деңгейде спортпен шұғылданғандарға қарағанда тезірек қартайған. Яғни ең тиімдісі – қалыпты жүктеме.

Ғалымдардың қорытындысы

Спорттың өзі ұзақ өмірдің басты кепілі емес. Тұқым қуалаушылық, тамақтану, әдеттер көбірек әсер етеді. Бірақ дене белсенділігі:

  1. салмақты бақылауға,
  2. стресті азайтуға,
  3. темекіден бас тартуға көмектеседі.

Ал мұның бәрі тікелей ұзақ өмірмен байланысты.

Қорытынды

Спорт сізге мәңгілік өмір сыйламаса да, өмір сапасын жақсартады. Күнделікті қозғалыс:

  • жүректі нығайтады,
  • көңіл күйді көтереді,
  • күнді мәнді етеді.

Сондықтан ғылыммен дауласпай, жаныңызға жақын спорт түрін таңдаңыз: мейлі ол жүзу, теннис, велосипед немесе жеңіл жүгіріс болсын. Ең бастысы, өзіңіз үшін қозғалыс жасаңыз.