«Өмір бойы ұшуды армандадым». Әскери авиацияда істейтін нәзік жанды ару

8 Наурыз, 14:00 3737

Қазақ әйелдерінің арасында өжеттігімен, алғырлығымен көзге түсіп, аса жауапты істі меңгерген нәзік жандылар баршылық. Мәселен, тұңғыш ұшқыш қыз Хиуаз Доспанова апамыз бүгінгі қазақ қыздарының айбынына айналды. Көктем нұрымен ұштасқан әдемі мереке қарсаңында әскери авиацияда қызмет етіп жүрген ару Мөлдір Сахимен El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі тілдесіп, әңгіме өрбітті.

Бүгінде заты әйел болса да, жаны нәзік қыз-келіншектердің құқық қорғау саласында қатары артып келеді. Олар мойнына ауыр жүк артылғанына қарамай, тұрмысы мен қызметін ұштастырып, бірге алып жүр. Еліне кірпік қақпай, қалтқысыз жұмыс істеп жүргеннің жанның бірі – Мөлдір Сахи. Бала күнінен ұшқыш болуды армандаған ару әскери авиация саласында 2018 жылдан бері еңбек етеді.

Бүгінде Мөлдір әскери авиациялық базасының әскери қызметшісі және капитаны қызметін атқарып жүр. Кейбіреулер әскери сала нәзікжандыларға арналмаған деп жатады. Бәлкім, бұл әскери ортадағы ерекше талаптарға, мүмкін Ұлттық ұланның әйел тұрмақ, еркектің де шыдас бермес қиындығынан айтылған сөз шығар.

Шындығында әскери қызмет – ауыр жол, салмақты міндет. Бұл саланың ыстық-суығына шыдап, темірдей тәртіпке көніп, отбасы мен қызметті қоса алып жүру айтқанға ғана жеңіл. Сондықтан да осы салада жүрген оларға ілтипатпен қарайтынымыз да шындық. Сондай кейіпкеріміздің бірі әскери авиациялық базасының әскери қызметшісі әрі капитаны Мөлдір Сахи жауапты қызметті мойнына алған.

Мөлдір Сахи бұған дейін үш жоғарғы оқу орнын тәмамдап, 10 жылға жуық халықаралық әуежайда қызмет атқарған. Мұнымен қоса Астана қаласындағы әскери инженерлік авиация бөлімінде еңбек етіп келе жатқан нәзік жанды ару қызметіне аса жауапкершілікпен қарайды. Онсыз әуеге ұшақ ұшпайды. Олар барлық әуе тапсырмаларын шебер орындайды.

8 наурыз сүйкімді ханымдардың күні ғана емес, сонымен қатар авиация тарихындағы Халықаралық әйелдер күні болып саналады. Нәзік жанды ару қазіргі уақытта инженерлік-авиациялық бөлімде есеп-жоспарлау қызметінің бастығы қызметін қоса атқарып келеді. Оның міндеттеріне бөлімнің инженерлік-техникалық құрамы жұмысының негізгі көрсеткіштерін талдау кіреді. Осылардың бәріне жауапты Мөлдір бұған қарамастан нардың жүгін арқалап жүр.

Отбасым маған әрқашан қолдау білдіреді. Таңдауыма алғашқы күннен бастап құрметпен қарап, ақыл-кеңесін аяған емес. Бала күнінде ұшқыш болуды армандамайтын адам кемде-кем. Алайда есейе келе бұл арманның сағымға айналатыны жасырын емес. Мен кішкентай кезімнен ұшқыш болуды армандадым. Әуеде қалықтағанды жақсы көрдім. Бүгін міне, сол арманыма бір табан жеттім деп ойлаймын, – дейді Мөлдір Сахи.

Мөлдірдің айтуынша, жетістікке жетер жолда талмай еңбек ету керек және ең бстысы мамандыққа деген махаббатпен елің мен жеріңе деген патриоттық сезім жоғары болу қажет.

Менің басты мақсатым алған білімімді өз елімнің әскери авиациясы саласында пайдалану. Отанға қалтқысыз қызмет ету. Ұшқыш саласында қызмет ету бұл нәзік жандылардың жұмысы емес дейтіндердің пікіріне келіспеймін. Өйткені бұл салада ұл немесе қыз болу маңызды емес. Бастысы өз жұмысыңа деген махаббат болу қажет, – деді ол.

Қазіргі таңда нәзік жанды ару отбасында үй шаруасымен, жұмыста қызметін абыроймен атқарып, көпке үлгі болып жүр. Алтын асықтай төрт баласы бар. Бір қызығы, ол ұшқыштың асыл жары. Ан-26 және Ан-74 ұшақтарының ұшқышы және полковник Мансұр Долонбаев әйелін қатты мақтады.

Ол мықты адам. Біз бірге көптеген шыңдарды бағындырдық. Үй шаруасына да, бала-шағаның тәрбиесіне де үлгеріп жүр. Отбасымыз керемет. Ол бала кезінен өмір бойы ұшуды армандады. Десе де, бір салада жүргендіктен бар білгенімізді бір-бірімізге үйретеміз, – деп атап өтті жолдасы Мансұр Долонбаев.

Жолдасы Мансұр Долонбаев Ұлттық ұлан бас қолбасшылығы авиация басқармасының ұшу қауіпсіздігі қызметінің бастығы болып қызмет етеді.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: