Мектеп директорларын екі оқу жылына ғана тағайындау туралы бастама қоғамда кең резонанс туғызды. Бұл ұсыныс тек білім саласының ішкі мәселесі емес, ауыл мен қала арасындағы теңсіздік, кадр тапшылығы, басқарудағы тұрақтылық пен жауапкершілік секілді жүйелі проблемаларды қайта күн тәртібіне шығарды.
Бұл бастама білім беру жүйесін жаңарту, басқарушылыққа жаңа кадр тарту қажеттігімен түсіндірілсе, депутаттар аймақтардағы нақты жағдайды ескеру керектігін алға тартып отыр. Батыс Қазақстан өңіріндегі ахуалды мысалға келтірген Мәжіліс депутаты Абзал Құспан екі жылдық шектеуді орынсыз деп санайды. Оның айтуынша, кей өңірлерде мектеп директорлығына үміткер табудың өзі қиын.
Мүмкін оңтүстік өңірлерде лауазымды қызметтерге сұраныс жоғары шығар, ал Батыс Қазақстанда, керісінше, мектеп директорлығына кадр тапшы. Мұны мен өз округім бойынша жақсы білемін. Сәл сын айтылса, қызметін тастап кетіп қалады. Себебі директорлық – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс, – дейді депутат.
Ол жалақы мәселесіне де назар аударды.
Бір оқушының мұрны қанаса да мектеп директоры жауап береді. Ал кей жағдайда толық жүктемемен сабақ беретін мұғалімнің жалақысы директордікінен жоғары болып жатады, – деп атап өтті Абзал Құспан.
Оқи отырыңыз:
Бұл пікірді Мәжіліс депутаты Айдос Сарым да қолдайды. Ол жемқорлықтың алдын алу үшін директорларды жиі ауыстыру дұрыс емес деп есептейді.
Егер адам өз қызметінде лайық деп танылса, ата-аналар құрметтесе, мұғалімдер сыйласа, әсіресе ауыл халқы үшін мұғалім – ерекше беделді тұлға. Сондай адамды ауылдан қайда жібереміз? Көрші ауылға ма? – дейді депутат.
Сонымен қатар ол бұл бастама жауапты қызметке ұмтылатын азаматтардың ынтасын төмендетуі мүмкін екенін ескертті.
Осындай шешімдер үлкен жұмыспен айналысқысы келетін азаматтардың ықылас-ниетін өлтіріп алмай ма деген қауіп бар, – деді Айдос Сарым.
Ал мәжілісмен Мұрат Әбенов қала мен ауыл мектептерін бір талаппен қарастыру дұрыс емес деген пікірде.
Қалада мектеп те көп, директор да көп. Ал ауылда – бір мектеп, бір директор. Сырттан директор келе ме? Келсе, оған үйі, жағдайы дайын ба? – деп сұрақ қояды ол.
Депутаттың айтуынша, директор өз жұмысын көрсетуі үшін уақыт қажет.
Менің ойымша, директор кемінде 5 жыл сол қызметте болып, нәтижесін дәлелдеуі керек, – деді ол.
Ұжым пікірін ескерудің маңызын Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек те атап өтті.
Мұндай мәселелерде ұжыммен ақылдасу керек. Егер ұжым сол директордың қалғанын қаласа, онда оның жұмыс өтілін тағы бір жылға ұзартуға мүмкіндік берген жөн, – дейді депутат.
Күні кеше осы пікірлерге жауап ретінде оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп директоры – тұрақты лауазым емес, белгілі бір мерзімге жүктелетін басқарушылық миссия екенін алға тартты.
Мектеп директоры өмір бойы атқаратын қызмет емес. Бұл – белгілі бір мерзімге берілетін атқарушылық міндет, – деді министр.
Ол қоғамда жиі қойылып жүрген, бірақ ашық айтылмай келе жатқан сауалды да назардан тыс қалдырмады.
Қазақстандағы 8 мың директор өмір бойы отыра беруі керек пе? Ал қабілетті, талантты ұстаздардың мектеп директоры болуға мүмкіндігі қандай? – деп сауал тастады Сүлейменова.
Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде бұл мәселе әлдеқашан жүйелі шешімін тапқан. Мәселен, Сингапур мен Финляндияда мектеп директорлары ротациядан кейін білім беру саласынан шет қалмайды. Олар ментор, әдіскер немесе мектепті басқару бағытында лектор ретінде қызметін жалғастырады.
Бізде орта білім саласында 400 мыңға жуық ұстаз бар. Солардың арасынан басқарушылық қабілеті жоғары, өз көзқарасы мен ұстанымы қалыптасқан мамандарды мектеп басқаруына тартуымыз керек, – деді министр.
Министрлік ұсынып отырған модельге сәйкес, мектеп директоры алдымен 2 оқу жылына тағайындалады. Жұмысы оң бағаланған жағдайда, өкілеттігі тағы 2 жылға ұзартылуы мүмкін. Алайда бір мектепті 4 оқу жылынан артық басқаруға жол берілмейді.
Директор тек басқарушы ғана емес, ол ең алдымен білікті, тәжірибелі ұстаз болуы тиіс, – деп түйіндеді Жұлдыз Сүлейменова.
Бұған дейін біз елімізде әр төртінші түлек шекті балдан өте алмағандығы туралы жазған едік.