Олжас Бектенов Үкімет басшысы ретінде алғашқы жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды

14 Ақпан, 20:00 691

Премьер-министр Олжас Бектенов Қарағанды облысына барды. Үкімет басшысы жұмыс сапары кезінде өңірдегі бірқатар өндірістің кәсіпорынды аралап, өнеркәсіп секторының өзекті мәселелерімен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Премьер-министрің баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс әкімі Олжас Бектеновке  өңірде 61 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылғанын айтты. Жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын жобалар 14 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Олардың басым көпшілігі тау-кен өнеркәсібі, металлургия және құрылыс салаларын қамтиды.

Үкімет басшысы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағын аралау барысында «Steel Manufacturing» патрон зауытының жұмысымен танысты. Биыл винтовка патрондары желісін іске қосу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр, сондай-ақ түрлі калибрдегі патрондардың сериялық өндірісі іске қосылады деп күтілуде.

Премьер-министр зауыт өндірістік қуатын толығымен пайдаланып жұмыс істеуі керек екенін, сол себепті оны салалық ведомстволардың жоспарға сай тапсырыстарымен жүктеу қажеттігін атап өтті.

Бұдан өзге Олжас Бектенов «Қарағанды – Балқаш – Алматы» автожолын реконструкциялау барысы туралы баяндамаларды тыңдады. Бүгінгі таңда жаңа асфальт бойынша жол қозғалысы қамтамасыз етілген, айналма жолдар тек жол өтпелері салынып жатқан учаскелерде ғана қалып отыр.

«ҚазАвтоЖол» компаниясының басшысы Дархан Иманашевтың айтуынша, 11 көпір мен нысан бойынша жұмыстар аяқталып, Балқаш қаласын айналып өтетін жерде теміржол көпірі арқылы өтпе жол салынды. Оған қоса тасжол бойында 18 демалыс алаңы, оның ішінде санитариялық-гигиеналық тораптар салынбақ. Жобаны аяқтау үшін қазір жол құрылысы материалдары мен қажетті жайластыру элементтері белсенді түрде дайындалып жатыр.

Үкімет басшысы барлық жұмысты жыл соңына дейін аяқтау қажеттігін, бұл ретте қосымша арнайы техниканы бөлу және ұзын-сонар кептелістерді болдырмау үшін автожолдардағы қар тазалау шараларын күшейту қажеттігін атап өтті.

Үкімет басшысы жұмыс сапары кезінде Qarmet металлургиялық комбинатының өндірістік цехтарына да барып, №3 домна пешінің, табақша металды илемдеу цехының, сондай-ақ ыстық күйде мырыш және алюминий жасау цехтарының жұмысымен танысты.

Мұнда Премьер-министр металлургтермен әңгімелесіп, оның барысында кәсіби мамандық мәртебесін арттыру, жалақыны ұлғайту, жас мамандарды даярлау үшін жаңа оқу орындарын құру, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселе көтерілді.

Үкімет басшысы көтерілген мәселелердің барлығы және Qarmet-тің алдағы жұмысы мемлекеттің бақылауында болатынына сендірді. 

Жаңа инвестор өндірісті жаңғыртуға және қауіпсіздік деңгейін арттыруға ауқымды инвестициялар салу бойынша міндеттемелер қабылдады. Бұл бос сөз емес, мұның бәрі қағазға қатталған және мемлекеттің бақылауында болады. Президент барлық тиісті тапсырманы берді. Комбинаттың тынысы кеңейіп, жаңа өмірге жол ашатынына сенімдіміз. Бұл – отандық өнеркәсіптің мақтанышы. Біз өз тарапымыздан бақылап, жан-жақты қолдау көрсететін боламыз, — деді Олжас Бектенов. 

Сонымен қатар Премьер-министр салалық ведомстволар басшыларының, жаңа инвестордың, әкімдік өкілдерінің және кәсіпорын қызметкерлерінің қатысуымен Qarmet-тің өзекті мәселелерін шешу және одан әрі дамыту жөнінде кеңес өткізді.

Saran индустриялық аймағын аралау кезінде Үкімет басшысы 2021 жылы іске қосылған автобус шығаратын «Qaztehna» зауытының жұмысымен танысты. 

Содан кейін Олжас Бектенов автомобиль шиналарын шығаратын «KamaTyresKZ» кәсіпорнына барды. Мұнда көктемде сериялық өндірісті бастау жоспарланып отыр. Ол үшін арнайы курстардан білім алған 500-ден астам қызметкер бүгінде жұмысқа кірісуге дайын, ал кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін қосымша 1 000-нан астам жұмыс орны ашылмақ.

Жобаға 214 млрд теңгеден астам инвестиция салынды. Жобалық қуаты жылына 3,5 млн жеңіл, жеңіл жүк және жүк шинасын құрайды. Қазіргі уақытта мұнда жабдықтарды монтаждау және іске қосу, ретке келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Оқи отырыңыз: 

Баян Әжмұхан
Бөлісу: