Үкімет басшысы Олжас Бектенов медицина қызметкерлерінің, оның ішінде Ақтөбе облысы Нұра кентінде егіз босанған ауыл тұрғынына көмек көрсеткен ауылдық амбулатория дәрігерлерінің қажырлы еңбегін атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұрын хабарланғандай, оқиға аудандық ауруханадан 90 шақырым жерде, су басқан елді мекенде болған.
Әйелдің көп ұрықты жүктілігі және босану кезіндегі асқыну қаупін ескере отырып, бұл жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің тәжірибелі мамандарының бақылауына алынды. Дәрігерлердің бірлескен үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде салмағы 2800 және 3050 грамм болатын екі қыз аман-есен дүниеге келді.
Көпбалалы ана Қаламқас Қоңырқаеваның 5 баласы бар. Кіші егізге Жансәуле мен Айсәуле есімі берілді. Елімізде су тасқыны кезеңінде дәрігерлер 24 әйелді босандырып алды, әйелдер мен балалардың жағдайы тұрақты. Су тасқынынан ең көп зардап шеккен аймақтарда ауруханаға жатқызылған балалар жоқ.